RU

Тектанушы орыстілді қазақтардың не себепті қазақша сөйлеуден қорқатынын айтты

Тектанушы
Фото: azatttyq-ruhy.kz

Халықаралық кәсіби родолог-кеңесші Әлия Сағымбаева қазақ тарихында жиырмасыншы ғасырда болған саяси қуғын-сүргіннің психологиялық зардабын бүгінгі ұрпақтан көріп отырғанын алға тартады. Азаттық рухы басылымындағы сұхбатында ол ажырасу, қыздардың тұрмысқа кеш шығуы, орыстілді қазақтардың ана тілінде сөйлеп кете алмауына қатысты бірқатар мәселелерге тектану тұрғысынан жауап берді.

Әлия Сағымбаеваның айтуынша, адамның тағдырына ата-бабаларының қалай өмір сүріп өткені тікелей әсер етеді.

Тектанушының пікірінше, қазақ менталитетінде ұлдың қыздан жоғары саналуы, әйелдердің ер адамдарша еңбекке араласуы тарихтағы соғыс, қуғын-сүргіндерге байланысты.

"Ата-әжеміз біздің өміріміздің сценарийін жазып кеткен, әкеміз бен анамыз режиссер, актері - біз. Сондықтан қазіргі замандағы жастардың өмірінде болып жатқан проблемалар, жетістіктер, бәрінің жауабы сол ата-әжелерімізде тұр. Жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген ата-әжелеріміздің тарихына қарасақ, 1917 жыл қазан төңкерісі, 1920 жыл Азаматтық соғыста ағайындардың бірі қызылдарға, енді бірі ақтарға кетіп алауыздық пайда болды. Енді есін жинағанда ұжымдастыру, одан кейін кәмпескелеу, одан кейін ашаршылық, репрессия, Ұлы отан соғысы...

Айналасы 20-30 жылда ата-бабаларымыздың басына қаншама қиындық түскен. Қуғын-сүргін, соғыс кезінде ер-азаматты бірінші алып кетеді. Осы кезеңде әжелеріміз жалғыз қалды, тұқымды, текті сақтау керек. Нәтижесінде ерлермен тең жұмыс істеп, колхозды көтерді. Осыдан қазіргі қыздарда "Мен өзім бәрін істей аламын" деген мінез қалыптасқан. Миындағы файлда "ер адам бәрін істей алады, көмек қолын соза алады" деген файл жоқ. Осындай әлеуметтік қуғын-сүргін болған кезде "ұжымдық бейсаналық" артып, ер балалар аз туады.

Сол кезде аналарымыз ерлердің жоқтығынан қатты зардап шегіп, үйде ұл болса төбесіне көтерді. Қазақтың ұғымында текті тек қана ұл жалғастырады. Сосын ер жігіт өмірге келсе "мұрагеріміз" деп алақанына салып, өбектеп, еркелетеді. Бұл біздің менталитетімізге сіңіп кеткен. Осыдан кейін ұлдар "маған бәрі міндетті", "әйел менен төмен" деген мінез-құлық қалыптастырады. Сондықтан қазіргі аналардың ұлы міндеті – ұлдарын ер азамат деген атқа лайықты етіп тәрбиелеу. Ол үшін әйелдер ерлерге қатысты қорқынышынан арылуға тиіс", - дейді Әлия Сағымбаева.

Кәсіби родолог өз тәжірибесіне сүйеніп, байқағандарын ортаға салды. Оның сөзінше, репрессияға ұшырағандар ұрпағының психологиясы бір-біріне ұқсас келеді. Мысалы, кәмпескеленіп, жер аударылғандардың ұрпағы әділетсіздікпен күресушілер екені байқалған.

"Себебі, олардың ата-бабаларын әділетсіз түрде кәмпескеледі, жер аудартты. Өздері қашып барған елде бөтен болды, біраз жылдан соң қайта тарихи отанына оралғандарды "оралмансыңдар" деді. Яғни, олар өздерін барлық жерде "бөтен" сезінді. Қазіргі олардың ұрпақтары жұмысқа барса өзін "бөтен" сезінеді, тұрмысқа шыққан қыздар қайын жұртта өзін "бөтен" сезінуі мүмкін...", - деп түсіндірді ол тектану тұрғысынан проблеманың астарын.

Родолог Қазақстандағы қазақ ұлтының қостілділік проблемасына тектану бойынша жауап іздеген.

"Қазақтардың орыстілді және қазақтілді болып бөлінуі - бізде бар проблема. Орыстілді қазақтар ата-бабасы туралы сұрап, білу жағынан өте белсенді. Солардың көпшілігінің аталары зиялы қауым өкілдері болған. Сол себепті орыс тілін жетік, әрі, тез меңгеріп алған. Қазақ тілін білмеуіне келсек, ол заманда қазақ болу қауіпті болды. Ата-бабасын қазақ болғаны үшін, зиялы болғаны үшін қырып-жойды. Тағы да сол үрей, қорқыныш. Қазіргі қазақтардың ана тілін білмеуі де сол аталарынан қалған "қазақ болу қауіпті" деген қорқыныштан.

Олар қазақ болудан қорқады, қауіптенеді. Оның үстіне сол қазақтарды ұстап берген өз бауырлары, өз қаны еді. Міне, осыдан барып өзінің ұлтына деген жек көрушілік, сенімсіздік пайда болып, бейсаналы түрде ұрпағына берілген.

Бір жас қазақ жігіт менің қабылдауыма келіп: "Мен қазақ екенімді білемін, түсінемін. Бірақ ауыл балаларын көргенде жек көрініш сезімі пайда болып, олардан қауіптеніп тұрамын. Осының себебін білгім келеді" деді. Сұрастыра келгенде, арғы атасы репрессияға ұшыраған және оны ауыл қазақтары ұстап берген болып шықты. Осыдан кейін барып ол өз ұлтын не себепті қабылдай алмайтынын түсінді", - дейді кәсіби тектанушы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910579-tektanusy-orystildi-qazaqtardyn-ne-sebepti-qazaqsa-soileuden-qorqatynyn-aitty/