Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бес ұлттың баласын бауырына басқан қазақ отбасы туралы не білеміз

Опубликовано:

Қойбағаровтар әулеті
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Әулиеағаш ауылында 14 бала өсіріп жеткізген отбасы тұрады. Қойбағаровтар жанұясы өзінің 7 баласынан бөлек, қазақ, ұйғыр, неміс, кәріс, орыс ұлтының балаларын бауырына басқан деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Үйдің отағасы, көпбалалы әке Сәбит Қойбағаровты өңірде ерекше құрметтейді. Ер адамның өзі де көп балалы отбасында өскен. Бүгінде жұбайы Аманхан Байбураева екеуі 14 баланы ер жеткізіп, немере сүйіп отыр.

Қазір үлкен балалары медицина және мал шаруашылығы саласында еңбек етуде. Олар әкелерінің кәсібін жалғастырып, мал өсіріп, қымыз, ет сатумен айналысады. Осы шаңырақтан мейірім тапқан балалардың алды қазір 27 жаста, кішісі 21 жаста.

Аманхан Байбураева мен Сәбит Қойбағаров
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жүрегі кең азамат балаларды алаламай, барлығына бірдей қарауды және ақылмен тәрбиелеу қасиетін өз әкесінен сіңіргенін айтады.

"Бала күнімде әкеммен егістік басында жүргенде балалар үйінің балаларын көрдім. Сонда әкем әрдайым мүндай балаларға қамқор болу керектігін айтатын. Сол ақылы күні бүгінге дейін жадымда. Ең алғаш 2009-шы жылы кәріс ұлтының баласын асырап алдым. Өз баламдай көріп, тәрбиелеп, барлығын үйреттім. Қазір Алматыда еңбекке араласты.

Негізінен жұмыстың қыр-сырын үйретіп, жақсы тәрбиелесең өздері өмір сүріп кетеді. Кейін, неміс, ұйғыр, орыс, қазақ балаларын бауырыма бастым. Өз балаларыммен бірге тұрып, бірге еңбек етуде. Ұл-қыздарымды қазақы дәстүрге сай тәрбиеледім. Ең бірінші осы балаларға қарап өзіңді тәрбиелейді екенсің. Содан кейін балаларды тәрбиелейсің", – дейді Сәбит Қойбағаров.

Сәбит Қойбағаров
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Көбалалы әкенің өзі ұста. Ол ауласына темірден түрлі бұйым, мүсіндер, тұрмысқа қажетті дүниелер жасап қойған. Тіпті отбасылық шағын мұражайлары да бар екен.

Сәбит Қойбағаров немерелерімен
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Панфилов аудандық әкімдігінің хабарлауынша, Қойбағаровтар отбасы – өңірдегі үлгілі шаңырақ. Мал шаруашылығының дамуына атсалысып, қайырымдылық шараларымен де белсенді айналысады. Індет өршіген шақта бей-жай қалмай, жерлестерінің денсаулығын нығайтуға ықпал ету мақсатында қымызды тегін таратқан.

Ал көршілерінің айтуынша, олар Қойбағаровтар отбасының қайырымды ісіне жиі куә болып жатады.

Мәселен, көпбалалы отбасы өмірдің қиын жағдайында қалған азаматтарға қол ұшын созып, үйлеріне паналатып, жағдайын түзеуге қолдан келген көмегін беріп, қатарға қосып жіберген сәттер көп болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910617-bes-ulttyn-balasyn-bauyryna-basqan-qazaq-otbasy-turaly-ne-bilemiz/

pixel