Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"450 мың доллар": Нұрлан Қаппаров мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай сый қалдырған

Опубликовано:

Нұрлан Қаппаров
Фото: Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы мұрағатынан

2015 жылы Қытайға іссапары кезінде қайтыс болған мемлекеттік қайраткер, меценат Нұрлан Қаппаровтың жасаған жақсылығын ШҚО, Үржар тұрғындары әлі күнге дейін ұмытпайды. Марқұм көзі тірісінде өз қаржысына мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтың құрылысын аяқтап, толық жабдықтап, кілтін мемлекетке қайтарымсыз табыстаған. Орталықтың бүгіні туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі баяндайды.

Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданының мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналары үшін үлкен қолдау. Орталық 2010 жылы ашылған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға сегіз түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

Мүмкіндігі шектеулі балалар
Фото: Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы мұрағатынан

"Бұл орталықтың мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына көмегі орасан зор. 2011 жылдан бері мұнда 172 ерекше балаға қызмет көрсетіліп, олардың бесеуі мүгедектігінен толық айыққаны біз үшін үлкен қуаныш, әрі үлкен бедел, бізге көрсетілген үлкен сенім. Ата-аналары жұмысқа орналасуға мүмкіндік алуда, тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, пәтер алуға біздің ықпалымыз баршылық", - дейді орталықтың директоры Айжана Мухамадиева.

Мекеме басшысының айтуынша, аудандағы ауыл-ауылдардан әлеуметтік-медициналық көмекке зәру 55 баланың ата-анасы қазір осы жерден қызмет алуда. Пандемияға байланысты 2020 жылдың наурыз айынан бастап орталықтың стационар бөлімі жабық. Мекеме жартылай стационар жағдайында ғана қызмет көрсетіп жатыр.

Шапағат
Фото: Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы мұрағатынан

Айжана Мухамедиева орталыққа мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдау алгоритмін айтып берді.

"Орталыққа мүгедек балаларды арнайы қабылдау ережесіне байланысты, диагноздарына байланысты, орын болған жағдайда басқарманың арнайы рұқсатымен, жолдама арқылы құжаттарының толық жинақталуымен қабылданады", - дейді ол.

Шапағат
Фото: Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы мұрағатынан

Мекеменің ашылуы жайында сөз қозғағанда марқұм экс-министр, кәсіпкер-меценат Нұрлан Қаппаровтың есімі ойға оралады. Кәсіпкер негізін қалаған қайырымдылық қорының сайтында Нұрлан Қаппаров аталмыш орталықты үржарлықтардың өтініші бойынша қолға алғаны жазылған. Оны орталық басшысы да растады.

Нұрлан Қаппаров
Фото: Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы мұрағатынан

"Бұл мекеме марқұм Нұрлан Қаппаровтың тікелей басшылығымен ашылды. Ол кісі 450 мың доллар қаржы құйды. 85 адамға жұмыс орнын ашып берген мәрт азамат қаншама бала мен ата-аналарға үміт отын сыйлады. Нағыз патриот, елін-жерін сүйген ер деп еске аламыз", - дейді орталық қызметкерлері.

Орталық қазіргі таңда облыстық бюджеттен қаржыландырылады.

арбада билеу
Фото: Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы мұрағатынан

"Бұл арнайы меморандум арқылы кезінде шешілген. Міне 10 жыл бойы мекемеде қаржыландырудан проблема болып көрген жоқ. Қызмет алушыларды оңалдырту шараларын нәтижелі жүргізуге 100 пайыз жағдай жасалған және білікті мамандармен қамтамасыз етілген", - дейді орталық директоры Айжана Мухамадиева.

Шапағат
Фото: Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы мұрағатынан

Орталықта қызмет алушылар арасында ерекше көзге түскен балалар да баршылық.

"2013 жылы республика деңгейінде алғаш өткен "Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз" атты байқауда Төлегенов Әлібек "Ең үздік жасампаз" номинациясымен қолөнерден гран-при иегері атанды. Арбада отырып билеуден спорт шеберлігіне үмікерлер, республикалық Ұлттық Паралимпиялық құрама командасының мүшелері Журавлев Алексей, Манабаев Бағлан, Төлегенов Әлібектерді атай аламыз.

Кентау қаласындағы колледжді бітіріп, еңбекке араласып және білім алып жатқан балаларымыз да бар. Советбекова Қырмызы Өскемен қаласындағы Аманжолов университетінде "дефектология- логопедия" факультетінің студенті", - дейді жетістіктері туралы мекеме басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910860-450-myn-dollar-nurlan-qapparov-mumkindigi-sekteuli-balalarga-qandai-syi-qaldyrgan/

pixel