RU

11 жыл бұрын топан судың астында қалған Қызылағаштың қазіргі жағдайы қалай

Қызылағаш
Фото: NUR.KZ

Су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан шайылып, астаң-кестеңі шыққан Қызылағаш ауылындағы қайғылы оқиғадан бері 11 жыл өтті. Топан судың салдарынан жер бетінен жоқ болуға шақ қалған елдімекеннің бүгіні қандай? KAZ.NUR.KZ тілшісі ауыл тұрғындарының қазіргі тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп қайтты.

Қызылағаш ауылының тұсында қазір Алматы-Өскемен тас жолын күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Он жыл бұрын отырғызылған ағаштар бой көтеріп қалған.

Қызылағаш
Фото: NUR.KZ

Ауыл тұрғындары көктемгі егіс қамымен жүргені байқалады. Елдімекенге жақын егін алқаптарында ауылшаруашылық техникалары қызу жұмыста.

Қызылағаш
Фото: NUR.KZ

Қызылағаштықтар 2010 жылдың көктемінде болған оқиғаны еске түсіргенді ұната бермейді.

Қызылағаш
Фото: NUR.KZ

Тұрғындар тілшінің сұрақтарына жауап беруге келіскенімен бет-жүзін көрсетуге құлық танытпады.

Қызылағаш
Фото: NUR.KZ

"Ауылымыз күнделікті күйбең тіршілігін жасап жатыр. Анау таудың қуысындағы су қоймасындағы бөгетті жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қорқыныш жоқ. Ауылдың екінші шетіндегі су бөгеті де жөнделіп болып қалды", - дейді үлкен жолда кәуап пісіріп сатып отырған жергілікті тұрғын.

Айтуынша, апат кезінде ата-енесі мен немеселерінен айырылып, жалғыз қалған. Бүгінде мемлекет қаржысынан салынған үйде тұрып жатыр.

"Менің үйім 70 шаршы метр. Ал көшенің арғы бетінде Болат Назарбаев салып берген үйлер. Олар сәл үлкенірек, ауданы 90 шаршы метр үйлер. Бас кезінде үйіміздің жанынан қора-жай тұрғызуға рұқсат болмаған, кейін салғызды", - дейді ол.

Қызылағаш
Фото: NUR.KZ

Ауылдағылардың басым көпшілігі жаңа үйлеріне қоспа жалғап тұрғызған. Кейбір тұрғындар үйінің іші-сыртын әрлеп алған.

Бірыңғай алқызыл үйлер 11 жыл ішінде тоза бастапты. Шатырының түсі өңіп кеткен үйлер көп.

Қызылағаш
Фото: NUR.KZ

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің мәліметінше, Қызылағашта 11 жыл бұрын болған апатта 146 үй толығымен шайылып кеткен, 251 үй қираған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911822-11-zyl-buryn-topan-sudyn-astynda-qalgan-qyzylagastyn-qazirgi-zagdaiy-qalai/