RU

Халық сыймай кетті: Нұр-Сұлтанда айт намазы қалай оқылды

Мешіт
Фото: SPUTNIK / АБЗАЛ КАЛИЕВ

13 мамыр барлық мешітте Ораза айт намазы оқылды. Эпидемиологиялық жағдай толығымен түзелмесе де, биыл жамағатпен бірге мұсылмандық парызды орындауға рұқсат беріліп отыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Таңмен таласқан елордалықтар бүгін пандемияны бір сәтке ұмытып, бұрынғы өмірге оралғандай болды. Мешітке жақындаған сайын халықтың қарасы көбейіп, барлығы бір сапқа тұруға асықты. Бұрынғыдай көліктерін жолдың жиегіне тастап, мешітке тезірек жетуге тырысқандар да баршылық.

Мешіт
Фото: SPUTNIK / АБЗАЛ КАЛИЕВ

Сапқа қосылған адамдар бір-біріне жақын тұруды қалағанымен, имам дауыс зорайтқыш арқылы үнемі санитарлық талаптарды еске салып отырды. Бұл жолы мешіт қызметкерлері намаз оқитын кілемдерді төсеп, ара қашықтықты сақтауға арналған ағаш белгілерін де орнатып қойған екен. Нәтижесінде, бір кілемшенің үстінде екі-үш адам ғана намаз оқыды.

Мешіт
Фото: SPUTNIK / АБЗАЛ КАЛИЕВ

Десе де, аулаға сыймай, ағаштардың арасына кіріп кеткен адамдар бір-біріне жақын тұруға тырысты. Нұр-Астана мешітінде бас мүфтидің орынбасары Ершат Оңғар да жамағатпен бірге намаз оқыды.

Мешіт
Фото: SPUTNIK / АБЗАЛ КАЛИЕВ

"Аллаға шүкір, елімізде мешіттердің сыртында жұма намазын оқуға рұқсат берілді. Міне, бүгін Ораза айт намазын оқып жатырмыз. Пандемия жағдайында біз өмірді басқа қырынан таныдық. Әсіресе, арақашықтықты сақтай отырып, қайырымдылық іс-шараларын көп өткіздік. Алла тағала осы қайырымдылық шараларымызға атсалысқан барша иманды жандардың тілеуін берсін. Ғибадат-құлшылықтарын, ізгі амалдарын сауаптан жазсын. Халқымызға мына жұқпалы індеттен аман-есен шығуымызды нәсіп етсін. Алла тағала бізді қалыпты өмірге қайтарып, мішеттеріміз толып, қайтадан жамағатпен бірге намаз оқуға көп дұға қылуымыз қажет", – дейді Оңғар.

Мешіт
Фото: SPUTNIK / АБЗАЛ КАЛИЕВ

Нұр-Сұлтан тұрғындары да жамағатпен бірге намаз оқып жатқанына қуанып жатыр.

"Мына пандемия сияқты қиын жағдайды ептеп еңсеріп, жамағатпен бірге намаз оқуға рұқсат беріліп отыр. Алла қаласа осы індеттен құтылып, қалыпты өмірге ораламыз. Халқымыз аман болсын", – дейді олар.

Мешіт
Фото: SPUTNIK / АБЗАЛ КАЛИЕВ

Нұр-Астана мешітінде өткен Ораза айт намазына өзге елдің азаматтары да болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912277-xalyq-syimai-ketti-nur-sultanda-ait-namazy-qalai-oqyldy-foto/