RU

Қазақстанда жасөспірімдерге COVID-19-ға қарсы вакцина салына ма

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Лаура Мырзағали онлайн брифинг барысында еліміздегі жасөспірімдерге COVID-19-ға қарсы вакцина салына ма деген сауалға жауап берді.

Лаура Мырзагали 12 жастан асқан балаларға COVID-19-қа қарсы вакцина егуді бастаған АҚШ үлгісіне пікір білдірді.

"Біз Sputnik V вакцинасын жасаушы Gamelei орталығымен онлайн режимде кеңес алдық. Бізге бүгінгі күні жасөспірімдер вакцинациясына қатысты айтылып жүрген "қарсы" сөзінің толық дәлел емес екені түсіндірілді. Орталық қазіргі уақытта осы мәселе бойынша зерттеу жүргізіп жатыр.

Шілде айында бізге қорытынды беру керек. Егер Ресей балаларға вакцинация жасай бастаса, онда біз бұл мәселені шешетін шығармыз. Қазіргі кезде мен жасөспірімдерге вакцина егілетінін нақты айта алмаймын", - деп түсіндірді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы.

Сонымен қатар, Лаура Мырзағали осы уақытқа дейін Алматыда 270 568 адам вакцина салдырғанын атап өтті.

Оның ішінде 19 435-і құқыққорғау органы қызметкерлері, 27 мыңнан астам медицина қызметкері, тағы 20 мыңдай педагог вакцина алған.

Оған қоса, диспансерлік есепте тұрғандар мен студенттер, зейнеткерлер, 60 жастан асқан адамдар және қала тұрғындары өз еріктерімен вакцина салдырып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912868-qazaqstanda-zasospirimderge-covid-19-ga-qarsy-vakcina-salyna-ma/