Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өркениеттен қол үзген ауылда тұратын көкшетаулықтар жанайқайын жеткізді (видео)

Опубликовано:

Ауыл тұрғыны
Кадр: "Еуразия" бірінші арнасы

Көкшетауға таяқ тастам жердегі Гранитный елдімекенінің тұрғындары уәдені үйіп-төгіп, кейіннен төбе көрсетпей кеткен шенеуніктерге наразы. Айтуларынша, қолқаны қабатын кәріз жүйесін атқамінерлердің "жөндеп береміз"деп уәде бергеніне бірнеше жыл болған екен. Көз алдымызда ауыл қирап жатыр деп ашынған тұрғындар жайлы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлады.

Көкшетаудан бар-жоғы 20 шақырым жердегі ауылдың тұрғындары қолқаны қабатын иіспен күнделікті тыныс алуға мәжбүр. Бүгінде 600-дей халқы бар елдімекен белсенділері кәріз жүйесін ауыстыруды талап етіп, қақпаған есігі қалмапты. Одан бөлек, үйлерінің айналасы тұрмыстық қалдыққа толып кеткен. Адам басына коммуналдық қызметке ақы төлегенімен, қоқыс шығарылмайды екен.

"Ешкімге керексіз біздің кентіміз. Балалар алаңқайы бар, сол алаңға дейін ағып жатыр. Оның арғы жағында қоқыстарды көріп тұрсыздар. Шығарылмайды. Мүлде шығарылмайды деп айтуға болады. Кісі басына 200 теңгеден ақша төлейміз", - дейді Гранитный ауылының тұрғыны Марал Жүсіпбекова.

Ауыл жастары жұмыссыздық жайлаған соң, қалаға жаппай қоныс аударып жатыр екен. Ал өлместің күнін кешіп отырғандардың көпшілігі егде тартқан кісілер көрінеді.

"Мен осы ауылда 8 жылдан бері тұрамын. Міне, көшіп келгелі қиындықтан көз ашпай келеміз. Айнала толған қоқыс. Тұрмыстық қалдықтар шығарылмайды. Санитарлық талаптарға сай келмейді. Балаларымыз ауру жұқтырып алады ма деп қауіптенеміз. Біздің ауыл Зеренді ауданына қарайды. Бірақ, жауаптылар қозғалар емес", - дейді тұрғындардың бірі Кәмила Шындәулетова.

Жергілікті азаматтардан құралған белсенді топ екі жылдан бері басшылардың есігін қағып жүріп, ақыры бір нәтижеге жеткен. Әлеуметтің соңғы шағымынан соң атқамінерлер кәріз жүйесіне жаңғырту жұмыстарын жүргізуге уәде берген екен. Алайда, көптен күткен күрделі жөндеу қашан басталатыны нақты белгісіз.

Қоқыс
Кадр: "Еуразия" бірінші арнасы

Гранитный ауылындағы кәріз жүйесі ұзақ жылдан бері жекенің меншігінде болған. Ал, иелік еткен бұрынғы компания осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Биыл соттың шешімімен кәріз құбыры ауданның коммуналдық қызметінің қарамағына беріліпті.

Жуырда ғана құқықтық құжаттары дайын болды. Енді, алдағы уақытта жаңғырту бойынша жобаның сметалық құжаттары дайындалмақ екен.

Бүгінде жергілікті тұрғындардың басым бөлігі қалаға қатынап еңбек етеді. Күніне 3 мезгіл Көкшетауға жүретін қоғамдық көліктер пандемия басталғалы мүлде тоқтап қалған. Сондай-ақ, шұрық-тесік жол мәселесі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әлеумет әкімдіктен аталған проблемаларды шешіп берулерін талап етуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913271-orkenietten-qol-uzgen-auylda-turatyn-koksetaulyqtar-zanaiqaiyn-zetkizdi-video/

pixel