RU

"Гүл дәметпейміз": Мұғалімдер оқушылардың сыйлығына қалай қарайтынын айтты

Гүлдер
Көрнекі фото: Pixabay.com

Тағы да бір оқу жылы өз мәресіне жетті. Әлеуметтік желіде мерекеге орай мұғалімге гүл сыйлау мәселесі қызу талқылануда. Facebook-тегі "Қазақстан ұстаздары" тобында осы сұраққа қатысты мұғалімдердің өздері пікір білдірді.

Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстазға гүл беру жемқорлыққа жатпайтынын қадап айтқан болатын.

Осы мәселеге байланысты әлеуметтік желіде мұғалімдер өзара пікір таластырды.

"Оқушылардан гүл күту — берген білімнің қарымын күту сияқты емес пе? Істеген еңбегіңнің қарымын "заттай" күту ұстазға қаншалықты жарасады екен?! Жай көңіл үшін екені рас, дегенмен еңбегінің қарымын заттай күтетін ұстаз, «Көмектесу, Бауырластық, Ел, Отан, Болашақ, Адамгершілік» деген тақырыпта қандай үлгі болады екен?!", - деген сұрақ ортаға тасталды мұғалімдердің басын біріктірген желідегі топта.

Мұғалімдердің басым бөлігі гүлді дәметпейтінін айтты. Алайда гүл сыйлап жатса, оны қабылдаудың еш айыбы жоқ екенін алға тартты.

"Гүл сыйластық белгісі емес пе? Бір гүлде тұрған не бар. Мұғалім дəметпейді, бірақ айып емес", " Мұғалім шәкіртінен материалдық тұрғыда ештеңе күтпейді, тек, рухани тұрғыда дамып, өсіп, үлкен азаматтар мен азаматшалар болғанын күтеді",

Мұғалімдердің айтуынша, қазір олардың арасында гүл алуға қорқып қалған ұстаздар да бар көрінеді. Олар гүл берудің қоғамда осынша дау туғызғанына таңданысын жеткізді.

"Мұғалімге құрмет жойылып бара жатыр. Алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау және ұстаздар күні мен 8-наурызда ұстаз құшағы гүлге толып, мәз-мейрам болып, шаттанып тұрған ұстазды өзіміз көріп өстік. Өзіміз де сыйлық, гүл бердік. Ол кездің ата-аналарының пейілі кең, көңілі дархан, ұстазға деген құрметі ерекше болды. Қазір ше? Ұстаз кім? Ол дәл бүгінгі қоғамда ата -ана да, гүл, сыйлық күтуші болып қалған. Кешірерсіз бүгінгі ұстазды олай төмендетпеңіз. Бір әріп үйреткен адамға қаншалықты құрмет көрсетсеңіз де артықтық етпес. Ұстазын ұлықтай алмаған қоғамда қандай дара тұлға қалыптасады деп ойлайсыздар? Бұл менің пікірім", - дейді Салтанат Ибрагимова есімді ұстаздар тобының өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914118-gul-dametpeimiz-mugalimder-oqusylardyn-syilygyna-qalai-qaraitynyn-aitty/