RU

"Басқа барар үйім жоқ": Павлодарда алаяқтың құрбаны болған әйел президенттен көмек сұрап отыр

Зубира Жұматаева11
Зубира Жұматаева/кадр: Астана арнасынан

Павлодарда алаяқтың құрбанына айналған әйел үйсіз қалуы мүмкін. Себебі, сатып алған пәтерінің құжаты жалған боп шыққан. Бірақ оны 2 жыл өткеннен кейін ғана білген. Оның үстіне пәтер иесінің мұрагері үйді босатуды талап етуде. Енді екі оттың ортасында қалған тұрғын президенттен көмек сұрап отыр деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Зубира Жұматаева бір бөлмелі пәтерді 16 жыл бұрын сатып алған. Пәтерде әпкесімен және жиенімен бірге тұрады. Алайда, үйді алаяқтан алғанын тек 2 жыл өткен соң ғана білген. Іс сотқа жеткен, сот үкімімен алаяққа 9 жарым жыл жаза кесілген.

"Алаяқтың сотына мен куәгер ретінде шақырылдым. Сотта мұраға қалған пәтердің барлық туыстары шақырылды. Әкесі, шешесі, ағасы және бұрынғы әйелі де қатысты. Олар сотта мұраға қалған пәтердің бар екенін білгенін, бірақ оны өз меншіктеріне алмағанын айтты. Енді 16 жыл бойы іздемеген пәтерді бүгін іздеп отырғанына таң қалып отырмын. Менің басқа барар үйім жоқ. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймын", - дейді Зубира.

Үйдің мұрагері Зубираны сотқа беріп, сот үйдің құжаты жалған болғандықтан, пәтерді босату туралы шешім шығарыпты. Ал үйдің алаяқтың қолына түсуіне пәтердің иесіз қалуы себеп болған. Алаяқ бос қалған үйді иемденіп алып, оған жалған құжат жасатып, сатып жіберген.

"Алғашқы жасалған құжат қылмыстың ұлғаюына әкеліп соққан. Ал пәтерді сатып алған 2 адам да "адал алушы" болып саналады. Бірақ, Азаматтық кодекстің 261 бабы бойынша үй иесі мүлкін талап етуге құқылы. Өйткені, құжат сот шешімімен жарамсыз деп танылды", - дейді Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Маржан Құрманғалиева.

Зубира Жұматаева852
Зубира Жұматаева/кадр: Астана арнасынан

Десе де Зубира Жұматаеваның қорғаушысы сот шешімімен келіспейтіндерін жеткізді.

"Егер мүлік заң бойынша мұрагерлікке қабылданбаса, олар сотта үй иесі ретінде талапкер бола алмайды. Өйткені, мүлікті қабылдаған жоқ. Ал сот мұрагерлік уақыты өтіп кеткендіктен, екінші тараптың арызын қанағаттандырмауы керек еді", - дейді адвокат Сергей Пристайчук.

Пәтердің мұрагері Максим Гофман болса, әкесінен қалған үйінің бар екенін өткен жылы ғана білгенін айтуда. Сол себепті осы уақытқа дейін мүлікті талап етпедім дейді.

"Бұл пәтер менің әкемнен қалған. Оны мен былтыр ғана білдім. Оған дейін білген жоқпын. Өйткені, менің әкем мен шешем ажырасып кеткендіктен, туыстарыммен араласпадым. Былтыр ғана туысымнан әкемнің пәтері бар екенін білдім. Сондықтан, заң бойынша үйді талап етуге құқым бар. Өзім 3 баламен пәтер жалдап жүрмін", - дейді Максим Гофман.

Зубира Жұматаева мәселесін айтып, барлық құзырлы органдарға жүгінген екен. Бірақ, әзірге ешқайсысынан көмек болмағанын айтады. Амалы таусылған әйел адамның ендігі бар үміті мемлекет басшысында.

Авторы: Ө. Қуанар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914615-basqa-barar-uiim-zoq-pavlodarda-alayaqtyn-qurbany-bolgan-aiel-prezidentten-komek-surap-otyr/