RU

Асхат Аймағамбетов: 42 мың теңге шәкіртақы үшін ұстаздықты таңдау дұрыс емес

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Шәкіртақысы жоғары деп педагогика мамандығын таңдау дұрыс емес. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін халыққа есеп беру кездесуін өткізген министрден агротехника саласында 3-курс оқып жүрген студенттердің бірі болашақ педагогтардың 42 мың теңге шәкіртақы алатындығын айта келе, мамандық ауыстыру мүмкіндігін сұраған еді.

"Педагогикалық бағытқа тек стипендия үшін ауысудың қажеті жоқ. Педагогика мамандығына ұстаз болуды армандаған, ішкі дүниесінің дайындығы бар адамдар баруы керек. Ал стипендиясы 42 мың теңге, басқалардан екі есе жоғары деп бармақ болсаңыз, онда мамандық ауыстыруға кеңес бермеймін. Бұған қоса, сіз мысалы ветеринария мамандығы бойынша 2-3 жыл оқып, енді педагогикалық мамандыққа көшемін деуіңіз дұрыс емес.

Оның үстіне мұндай мүмкіндік те болмайды. Біріншіден, кезінде тапсырған ҰБТ балыңыз 75-тен жоғары болуы тиіс. Екіншіден, пререквизиттер бар. Мамандықтардың бір-біріне сәйкестігі, бұрын оқыған пәндеріңіздің сәйкестігі болуы тиіс және басқа да талап қойылады. Сондықтан менің ойымша, ары қарай да таңдаған оқуыңызды жалғастырып, маман болып шығасыз деп үміттенемін", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, министр педагогика мамандығына ең мықты, ең білімді, ең білікті түлектерді оқуға түсуге шақырды.

"Бұл бағытта тиісті ынталандыру жұмысын да жүргізіп жатырмыз. Сондықтан педагогика мамандығына ең мықты түлектер түсіп, мықты мамандар біліп алып, мектептерге жұмыс істеуге барады деп үміттенемін", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914964-asxat-aimagambetov-42-myn-tenge-sakirtaqy-usin-ustazdyqty-tandau-durys-emes/