RU

Павлодарлық дәрігерлер екі рет жүрегі тоқтап қалған көп балалы ананы аман алып қалды

Дәрігерлер11
Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар қаласының бірінші қалалық ауруханасы қызметкерлері мен облыстық кардиологиялық орталық дәрігерлері екі рет жүрегі тоқтап қалған көп балалы ананы аман алып қалды деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық кардиологиялық орталықтың кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райхановтың айтуынша, Еңбек ауылында тұратын 37 жастағы жүкті әйел тек демікпе пайда болған кезде ғана ауруханаға жүгінген.

Оған дейін бірнеше күн бойы жөтел, қақырық, әлсіздік, кеуде қуысының ауыруы, мерзімді тахикардия мазалаған соң халықтық емдеу әдістерімен емделген. 

 "Оны шұғыл түрде Павлодар қаласының №1 ауруханасының инфекциялық стационарына жеткізді. Қабылдау сәтінен бастап жеті минуттан кейін жүрек қызметі тоқтап қалды, бірақ дәрігерлер бес минуттан кейін жүрек ырғағын қалпына келтіре алды", - дейді Мұрат Райханов.

Көп балалы анада пневмония диагнозы расталмағанымен, жүректің ультрадыбыстық зерттеуі митральды қақпақшаның патологиясын, митральды қақпақшаның алдыңғы қақпағының үзілгенін, 3-4 дәрежелі митральды қақпақшаның жеткіліксіздігін көрсеткен.

Бұл өз кезегінде жедел тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігіне әкелген. Осыдан кейін дәрігерлер әйелді шұғыл түрде кардиологиялық орталыққа апаруды шешкен.

"Ол өлім аузында жатты, науқасты осындай ауыр жағдайда тасымалдау қауіпті болды. Тасымалдау алдында ауыстыра бастаған кезде жүрегі тоқтап қалды. Реанимациялық шаралардың 20-минутында жүрегі соға бастады, қысым мен сатурация біртіндеп жоғарылады. Біз сиренамен кардиология орталығына бет алдық. Жолда хирургтар ескертілді. Жүкті әйел жолда өліп кетуі мүмкін деп ойлауға уақыт болмады. Бар ойым - оны аман алып қалу еді", – дейді кардиоорталықтың анестезиология бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас анестезиологы Инна Гловацкая.

Мұрат Райхановтың айтуынша, техникалық тұрғыдан операция ауыр болмаған, бұл ауруханада мұндай операция көптен бері жасалады. Тек пациенттің клиникалық өлім жағдайында жатқаны және жүкті болуы жағдайды қиындатқан.

"Біз әйелдің қандай жағдайда жеткізілетінін білдік, операциялық бөлмені тез арада дайындап, келіп түскеннен кейін бірден жасанды қанайналымды қосу арқылы операцияны бастадық. Бұл оның өмірін сақтауға көмектесті. Бірақ хирургиялық араласудан кейін де жасанды қан айналымынан шыққан кезде жүрек қызметі қалпына келмеді, реанимациялық шаралардың ұзаққа созылуына байланысты жүрек әлсіреп қалды", - дейді кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі.

Павлодарлық дәрігерлер екі рет жүрек ұстамасынан кейін әйел адамның миы тіршілікті тоқтатуы мүмкін деген қауіппен елордалық неврологтармен бірнеше консилиум өткізгенін де атап өтті. 

Операциядан кейінгі сегізінші күні ғана науқас есін жинай бастаған. Қазір ол өзіне келген, өздігінен дем алады, сүйемелдеумен тұрып, палатада жүре алады.

"Ол есін жинап, қалпына келе бастаған кезде қандай күйде болғанымызды сөзбен айту мүмкін емес", – дейді Инна Гловацкая.

Дәрігерлер науқасты реанимациядан орталық бөліміне ауыстыруды жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914993-pavlodarlyq-darigerler-eki-ret-zuregi-toqtap-qalgan-kop-balaly-anany-aman-alyp-qaldy/