Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көрер жарығы бар екен": Қызметкерлер сел алып кеткен оқушыны қалай тапқандарын баяндады

Опубликовано:

Қыз баланы құтқарғандар11
11 жастағы қыз баланы алғаш болып тапқан азаматтар. Фото: Алматы арнасы

Шарындағы сел алып кеткен 11 жастағы мектеп оқушысы бүгін дін аман табылған болатын. Осы орайда қыз баланы алғаш болып тапқан азаматтардың бірі мән-жайды Алматы арнасына айтып берді.

Телеарнаның мәліметінше, жасөспірім қызды алғаш болып "Шарын" Ұлттық паркінің қызметкерлері - инспектор Ермек Өмішов, гид-экскурсовод Ернар Жүнісов, бақылаушы Ербол Сатымбаев тапқан.

Кейін олар ТЖ қызметкерлерін шақырып, оларға бағыт көрсеткен.

Ермек Өмішовтің айтуынша, Шарын шатқалында сел жүргені жайлы ақпарат 29 мамыр 16.00 шамасында түскен. Ұлттық парк қызметкерлері бірден іздестіру жұмыстарына кіріскен. Іздеу жұмыстары түнгі сағат 00.00-ге жалғасқан. Алайда қараңғы түсіп кетуіне байланысты ешқандай нәтиже болмаған.

"Кеше сағат 16.00 шамасында Шарында сел жүрді, қыз бала жоғалды деген хабар келді. Бірден іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Қараңғы түсіп кетуіне байланысты іздеу жұмыстары нәтиже бермеді. Іздестіру жұмысы тоқтатылды. Таңғы 05.00-де сол жерде болдық. Өзен жағасында отырған қызды тауып алдық. Су жағалап келе жатқанда, қарсы беттен қыздың "Құтқарыңдар!" деген дауысын естідік. Өзеннің қарсы бетінде отырғандықтан, бірден құтқара алмадық. Тиісті органдарға хабарласып, төтеншеліктерді шақырдық. Олар келгенше, бақылап тұрдық", – дейді ол.

11 жастағы қыз бала оқиға болған жерден 1,5 шақырымдай төмен кеткен.

"Шарын өзенінің ағысы қатты болды. Оған сел кеп құйылды. Қыздың көрер жарығы бар екен, құдай сақтады! Ит-құс та бар. Мұндай жағдайда тірі қалады дегенге сену қиын", – дейді Ермек Өмішов.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалғаны, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын.

Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Бүгін селмен ағып кеткен оқушы қыздың табылғаны хабарланды және оны құтқару сәтінен видео да жарияланды.

Сондай-ақ, селден зардап шеккендердің жағдайы да белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915133-korer-zarygy-bar-eken-sel-alyp-ketken-oqusyny-izdep-tapqandar-man-zaidy-bayandady/

pixel