RU

"60 адам қаза тапты": Алматы тұрғыны 54 жыл бұрын болған Шарындағы селді есіне алды

Шарын
Кадр: КТК

Бірнеше күн бұрын Шарында болған қайғылы жайт көпшіліктің көңілін құлазытқан болатын. Бұл шатқалда болған алғашқы сел еместігі анықталып отыр. 54 жыл бұрын мұнда 60 адам селден көз жұмған екен. Сол кезде табиғат апатынан аман қалған Роза Араева КТК арнасына сұхбат берді.

Алматы тұрғыны Роза Араева Шарын шатқалында болған селден күйеуінен айырылып қалған.

"Оқиға 12 шілде күні сейсенбіде болды. Біздің автобус - ПАЗикте орын аз еді, орын өте аз болған, бірақ жүргізуші көп адамды жинап алды. Біз көпірге жақындаған кезде, жартастар, таулар көріне бастады. Жартас арасынан кенеттен қап-қара су ағыны пайда болды. Маған толқын тоғыз басты айдаһар сияқты көрінді. Толқын бізге дейін жетіп үлгерді. Көзімді ашсам, айнала қараңғы. Біресе су бетіне шығып, біресе суға батып жаттым", - деп еске алды Роза Араева.

Ол автобустан қалай шығып үлгергенін өзі де түсінбегенін айтуда. Төтенше жағдай кезінде Роза өзінің өмірі туралы емес, құрсағындағы баланың өмірі туралы ойлаған екен.

Роза
Кадр: КТК

Автобустан шыққан алматылық әйел бірнеше жігіттің бағаннан ұсталып тұрғанын көреді. Ол соңғы күшін жинап, бағандарға қарай жүзеді. Роза аударылған автобусты және жағаға шайылған адамдардың денелерін қалай көргенін қорқынышпен еске алды.

"Жан-жаққа қарап тұрғанымда, әлгі жігіттер көпірге жетті. Біреуі сол жерден маған қарай жүгіріп келіп, қолымнан ұстап, мені көпірге сүйреп апарды. Мен "неге ар жақта әйел жалаңаш жатыр, неге тұрмайды" деп сұрағанымда, жігіт "ол жансыз жатыр" деді. Мен күйеуімді іздедім - ол автобуста жанымда отырған еді, "Разбек, қайдасың" деп айқайлай бастағанымда, күйеуімнің денесі жанымыздан жүзіп өтті, тап бір кереуетте жатып алған сияқты, аяқтары алдыға кеткен", - деп бөлісті әйел.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шегіп, бір оқушы жоғалып кеткен еді.

Кейін еліміздің Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті. Сондай-ақ, сел кезінде жоғалып кеткен оқушы қыздың табылғаны хабарланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды құтқарамын деп мерт болған № 199 мамандандырылған гимназия" КММ мұғалімі Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

Сонымен қатар, президент марқұм Мерей Ибрагимовті "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Ал Алматы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Сабина Аманкелді осы қайғылы жағдайдың сценариі қайталанбас үшін қандай шаралар қабылданатынын айтып берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915791-60-adam-qaza-tapty-almaty-turgyny-54-zyl-buryn-bolgan-saryndagy-seldi-esine-aldy/