Алматы облысында ашуға мінген тұрғындар жолды жауып тастады
Жарияланған күні:
Алматы облысындағы Кербұлақ, Ұйғыр, Панфилов ауданының тұрғындары цемент зауытының кен орнына барар жолды жауып тастады деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Үш ауданның тұрғындары Сарыөзек – Көктал бағытындағы республикалық маңызы бар асфальт жолдың ойраны шықты деп наразылығын білдірді.
Олардың айтуынша, асфальттың бүлінуіне ауыр жүк көліктері себеп.
"Он тонналық КамАЗ жүрсе, ештеңе емес қой. 40 тоннамен де жүре береді. Керек десе, алпыс тонна басып алады. Осыдан кейін жолдан не қалады", - дейді Кербұлақ ауданының тұрғыны Құрманғазы Насыров.
Екі ауданды байланыстыратын республикалық маңыздағы жол кеңес уақытында салынған.
Ауыр салмаққа есептелмегендіктен шыдас бермей ойылып, кей жерлері көтеріліп жатыр екен. Сондықтан жеңіл көлік иелері "жүруден қалғандарын" айтады.
"Қазір 40-50-мен жүреміз. Түнде 20-мен жүреміз. Екі орта 80 шақырым. Сарыөзектен Басшиге дейін екі-үш сағат жүреміз. Жолды білмейтін адамдар ұрынып жатыр. Көліктің астын тесіп жатыр. Білетін адамның өзі теседі. Кебіреулер жолдан шығып кетіп жатыр", - дейді жүргізуші Қанат Шепенов.
"4,5 мың халық тұрады Басшиде. Арғы жақта Жаркент бар, мына жақта Қоғалы бар. Қаншама халық қиналып отыр", - дейді тағы бір тұрғын Ерлан Жұмәділов.
Айта кетейік, Сарыөзек – Көктал бағытындағы жолдың 30 шақырымы екі жыл бұрын жөнделуі керек болатын. Ол үшін қазынадан қомақты қаржы бөлінген. Алайда мердігер мекеме құрылысты бастағанымен, іс аяқсыз қалған.
Жолдың бұзылуына жүк көліктерінің ықпал еткенін зауыт өкілдері де ішінара мойындап отыр. Сол себепті олар қаржы қарастырып мың шаршы метр асфальтты қалпына келтірмек.
"Қазавтожолдың" шешімімен "мынау сендердің кінәләрің" деген анықтап берілді. Біз сол анықтама бойынша 80 млн теңге ақша аударамыз. Одан бөлек, өзіміздің техникамызбен көмектесеміз", - дейді цемент зауытының өкілі Болысбай Момбаев.
Бұл мәселеге қатысты Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Әденов пікірін білдірді.
"43 шақырымнан 68 шақырымға дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Оған да байқау ашылған. Тапсырушысы "Қазавтожол" ұлттық компаниясы. Бүгінгі күнге мердігер анықталды. Бүгін-ертең келісімшартқа отырады. Содан кейін процедуралар бар", - дейді ол.
Ал "Қазавтожол" өкілдері Сарыөзектен Қорғасқа дейінгі жол құрылысы бірнеше жылға жоспарланып отырғанын жеткізді.
"Нұрлы жол" деген бағдарламасы бар. Соған кіріп отыр. Жылдарға бөлініп, 2025 жылға дейін аяқталуы керек", - дейді "Қазавтожол" ұлттық компаниясы филиал директорының орынбасары Өмірзақ Ерімбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916012-almaty-oblysynda-asuga-mingen-turgyndar-zoldy-zauyp-tastady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.