Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атыма сай миллионермін": Қымызды ауруханаларға тегін тарататын кәсіпкер жайлы не білеміз

Опубликовано:

Миллионер
Фото: Миллионер Қажыкенұлының жеке мұрағатынан

Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылының тұрғыны Миллионер Қажыкенұлы бие сауып, қымызын ауылдағы медицина мекемесіне тегін беріп жүр. 20 бие мен 10 түйеден түскен табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтын кәсіпкерге ауылдастары да дән риза деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Елімізде қымыз бен шұбаттың науқаны қызып тұр. Миллионер Қажыкенұлының әулеті биыл 20 бие және 10 түйе сауып отыр. Қымыз бен шұбаттың литрін кәсіпкер 700 теңгеден өткізеді.

"Құдайға шүкір, тұрақты түрде менен 100 литрлеп қымыз алдыртатын адамдарым бар. Бүгін Алматыға 80 литр қымыз жөнелттім", - дейді шаруа қожалығының иесі.

Бүгінде табысты кәсіпкерге айналған Миллионер Қажыкенұлы қымыздан түскен пайданың бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсау жайлы ой келгенін, сөйтіп ауыл әкіміне барғанын айтады.

"Ауылдың әкімі Жаннұр Әбішевке кіріп, қымызды кімдерге беруге болатынын ақылдастым. Кеңесе келе, оған індетпен алысып жүрген медицина қызметкерлері бәрінен де лайық деп шештік. Мың да бір дертке дауа, жанға шипа болатын емдік сусынды аурухана тегін берудің медицина қызметкерлерінің денсаулығын сақтап қалуда пайдасы зор", - дейді кәсіпкер.

Өтенай
Фото: Өтенай ауылдық округінің әкімдігі

Биелерді кәсіпкердің ұлдары мен келіндері сауады. 57 жасқа келген шаруа бүгінде ұл-қызынан немере сүйіп отырған ата. Миллионер Қажыкенұлы өзінің ерекше есімі туралы да айтып берді.

"Менің атымды анамның айтуы бойынша, перзентханадағы акушер қойыпты. Миллионер деген атыма затым сай болып тұр, Аллаға шүкір. Бала-шағамның ризығы. Миллионер болмасам, осылай елге қызмет көрсетпес едім", - дейді кәсіпкер сұхбат соңында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916044-atyma-sai-millionermin-qymyzdy-auruxanalarga-tegin-taratatyn-kasipker-tabysynyn-syryn-aitty/

pixel