RU

"СҚ-Фармация" басшысы Ерхат Есқалиев ай сайын қанша жалақы алатынын айтты

Ерхат Есқалиев1
Фото: finance.kz

ОКҚ өткен онлайн-брифингте "СҚ-Фармация" басшысы Ерхат Есқалиев компаниядағы ресми жалақысының қанша екенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мен жалақым бойынша үнемі ашығын айтамын. 1,3 млн болған. Бұл салықты ұстағанға дейінгі сома. Қазір қолыма таза 1 млн теңгеден аз түседі", - дейді Ерхат Есқалиев.

Айта кетсек, Ерхат Есқалиев "СҚ-Фармация" басшысы болып тағайындала салысымен, оған айлығы туралы сауалдар қойылды. Алғашқы брифингтерде ол "әлі жұмыс істегеніне бір ай толмағанын", сол себепті жалақысы құжат түрінде бекітілмегенін айтты.

Дегенмен 2020 жылдың қазан айында ол қанша жалақы алатынын хабарлады. Сондай-ақ Есқалиев орынбасараның жалақысы 900 мың теңгені құрайтынын айтқан болатын.

Еске сала кетсек, бұған дейін Семей қаласының әкімі ай сайын 450 мың теңге жалақы алатынын айтқан еді.

"Жалақым айына 450 мың теңгені құрайды. Менің несием бар, оны төлеймін. Қаржылық жағынан пандемия менің отбасыма әсер еткен жоқ", - дейді Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен бірге, Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының әкімдігі басшылары Серікбай Трұмов пен Нұрдәулет Қилыбайдың жалақысы қанша екенін жариялады.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов 2020 жылы барлық төлемдерді ескере отырып, айына 780 116 теңге жалақы алған.

Ақтау әкімдігінің мәліметінше, қала басшысы Нұрдәулет Қилыбай 2020 жылы ай сайын 441 074 теңге алып отырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916096-sq-farmaciya-bassysy-erxat-esqaliev-ai-saiyn-qansa-zalaqy-alatynyn-aitty/