Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Томирис Байсафаның анасы сотта заңбұзушылықтар орын алғанын мәлімдеді (видео)

Жарияланған күні:

Томирис Байсафа
Томирис Байсафа. Фото: Instagram / baisafatomiris

Томирис Байсафаның анасы Жанна Ахметова қызының өліміне қатысты сот процесінде заңбұзушылықтар орын алды деп санайды. Ол апелляциялық шағым түсіруге ниетті және соттың шешіміне қарсы шықпақ. Жақында Мәскеудің Никулинский соты қазақстандық Томирис Байсафаның өліміне қатысты іс бойынша күдіктіні кінәсіз деп тапқан болатын.

Жанна Ахметова "Дождь" телеарнасының тілшілеріне сұхбат беріп, сот шешіміне қатысты өз пікірімен бөлісті. Әйелдің айтуынша, судья оны сот залынан шығарып жіберген.

"Соңғы кездері ол бізге өтінішхат жолдауға, түсініктемелер беруге, ескертулер жасауға мүмкіндік бермеді, соңғы сөзімде ол айтқандарымды жақтырмады. Содан кейін қорғалушы тарап сөз сөйлеген кезде, жиіркенішті өтіріктер айтылған сәтте мен үнсіз тұра алмадым. Судья менің шығуым керек екенін айтты", - деп түсіндірді Томиристің анасы.

Ол сондай-ақ тараптарға таратылған сұрақтар парағы туралы айтты.

"Сауалнама келесідей сөздерден және жауаптардан тұрды: "Томиристің терезеден құлап түскені дәлелденді ме?". Қазылар алқасы "иә" деп жауап берді. Келесі сұрақ: "Бұған Меджидовтің қатысы бар ма?". Олар тағы да: "иә" деп жауап берді. Үшінші сұрақ: "Меджидов кінәлі ме?". Олар "жоқ" деп жауап берді. Яғни, бұл күдік тудыратыны анық, құлап кеткеніне қатысы бар болса да, кінәлі емес" болып отыр", - деді Жанна Ахметова.

Томирис Байсафаның анасының айтуынша, тергеу ауқымды жұмыс жасады. Ол алқабилер соты болмаса, Меджидов сотталған болар еді деп санайды.

Жанна Ахметова қорғалушы тараптың адвокатының сұхбатын тыңдағанын атап өтті. Айтуынша, олар өзін-өзі өлтіруге ниетті екендігін айтқан Томиристің хаттары болуы мүмкін белгілі бір хат алмасуларды назарға ұсынған. Сонымен қатар, Томиристің анасы қазылар алқасына ешқандай шағымы жоқ екенін атап өтті. Оның пікірінше, қорғалушы тарап бұл жолы өз сөздеріне барынша сендіруге тырысқан.

Ахметова сот шешіміне шағымданатынын растады. Жанна Қазақстанның да, Ресейдің де билігіне жүгінуді көздемейтінін алға тартты.

"Бұл сот процедуралық бұзушылықтармен өтті, мен оны өзім шеше аламын, егер мемлекет көмектессе, мен риза болар едім", - деді ол.

Еске салсақ, 2018 жылдың 3 мамырында Мәскеуде университет ғимаратынан құлаған қазақстандық студент Томирис Байсафа қайтыс болған еді.

Ресей тарапы аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Сонымен қатар, тергеу органдары марқұмның өзіне қол салуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырды. Алайда Томирис Байсафаның анасы өмірге құштар қызының өзін өлтіруі мүмкін емес екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ, қазақстандық арудың өліміне қатысты істе Дағыстанның бұрынғы премьерінің ұлының есімі де аталған еді. Олардың жақын қарым-қатынаста болғаны да айтылды. Кейін одан жауап алынғаны да хабарланды.

Ал 2020 жылдың 28 шілдесінде Муртузали Меджидовтің ұсталғаны белгілі болды. Ресейдің тергеу комитеті оған қатысты 105-бап бойынша ("Кісі өлтіру") қылмыстық іс қозғады. Кейін ол қамауға алынды.

Жақында Томирис Байсафаның өліміне күдікті деп танылған Муртузали Меджидовтің ақталып шыққаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916757-tomiris-baisafanyn-anasy-sottyn-zanbuzusylyqtarmen-otkenin-aitty-video/