Қыркүйектен бастап студенттер 31 мың теңге алады
Жарияланған күні:
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл стипендия мөлшері қалай өзгеретінін айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр күзден бастап студенттер мен магистранттардың, докторанттардың шәкіртақысы көбейетінін атап өтті.
"Осы жылдың қыркүйегінен бастап бакалавриат бойынша стипендия мөлшері 31 мың теңгеден сәл асады, магистранттарда 15 пайызға өседі, шамамен 76 мың теңге. Докторантура бойынша да осындай өзгерістер бар. Жалпы соңғы бір жарым жыл ішінде докторанттардың стипендиясы 82 пайзыға өсті. Бірақ соған қарамастан, олар қыркүйектен бастап қазіргідей 150 мың теңге емес, 172 мың теңге алады деп жоспарлануда", - дейді Асхат Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, 2025 жылға дейін стипендия мөлшері жыл сайын арта береді. Сонымен қатар, министр 2025 жылға дейін гранттар саны да ұлғайып, 75 мың орынға жететінін атап өтті.
Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте министр жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі оқыту форматына қайта оралуы мүмкін екенін айтқан еді.
"Жаңа оқу жылында мектептер ашылып, балаларымыз дәстүрлі форматта білім алу мүмкіндігіне ие болады деп үміттенеміз. Әрине, ол үшін вакцинация сынды өте маңызды әрі қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау керек. Мектептеріміз ашылуы үшін ол өңір "қызыл" аймақта болмауы тиіс, оның "жасыл" аймақта болғаны абзал", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917316-qyrkuiekten-bastap-studentter-31-myn-tenge-alady/