RU

Жасөспірімдерге неше сағат жұмыс істеуге болады

жасөспірім11
Көрнекі фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында сауда, ойын-сауық орталықтарына және саябақтарға рейдтер өткізіп жүрген тәртіп сақшылары жасөспірімдерге неше сағат жұмыс істеуге болатынын айтып берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полицейлер рейд барысында жұмыс істейтін жасөспірімдермен кездесіп, олардың заңды құқықтары жайында ақпарат беруді мақсат етеді.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер ақша табу үшін көбінесе саябақтарда тұрып, балмұздақ сатады немесе ойын-сауық орталықтарына даяшы болып жұмысқа тұрады.

Бірақ олардың басым бөлігі өзінің заңды құқығын біле бермейді дейді тәртіп сақшылары.

"Рейдке шыққандағы мақсатымыз – балалардың еңбегін қанауға жол бермеу. Өйткені балалар жұмыс істеуге тұрғанымен, өз құқықтарын білмейді. Жұмыс берушімен келісімшартқа отырмаудың салдарынан еңбекақыдан қағылу қаупі бар, яғни жұмыс беруші төлемей қоюы мүмкін.

Заң бойынша жасөспірім білім алуына кедергі келтірмесе жұмыс істей алады. Егер бала 14 жасқа толмаса ол мәдени салаға, онда да ата-анасының жазбаша рұқсатынан кейін ғана жұмысқа тұра алады", - дейді Петропавл ювеналдық полициясы бөлімшесінің басшысы Эльмира Абушева.

Полицейлердің айтуынша, 14-16 жастағы жасөспірімдер аптасына 24 сағат, 16-18 жастан бастап аптасына 36 сағат жұмыс істей алады. Балаларға сағат 22.00 мен 06.00 аралығында еңбек етуге тыйым салынған.

Сонымен қатар ауыр, денсаулыққа қауіпті және зиянды жерде, қызмет уақытынан тыс жұмыс істеуге, толық материалдық жауапты болуға рұқсат жоқ. Бұл талапты орындамаған жұмыс берушілерге айыппұл салынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917449-zasospirimderge-nese-sagat-zumys-isteuge-bolady/