Министрлікте еліміздегі оқушылардың көктемгі және күзгі каникулын қысқарту ұсынылды
Жарияланған күні:
Білім және ғылым министрлігі "Ашық НҚА" порталында алдағы 2021-2022 оқу жылында мектеп оқушыларының каникул мерзімдері көрсетілген бұйрық жобасын жариялады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Құжатқа сәйкес жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде 2021 жылдың 1 қыркүйегінде басталады.
Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптар үшін 33 оқу аптасын, 2-11 (12)- сыныптар үшін 34 оқу аптасын құрамақ.
"Мейрам күндеріне түскен сабақтар оқу бағдарламасы мазмұнының кіріктірілуі ескеріле отырып, қайталауға арналған сағаттар есебінен келесі жұмыс күндеріне ауыстырылады", - делінген құжатта.
Одан бөлек, құжатта оқу жылы ішіндегі каникул кезеңдері де көрсетілді:
- Күзгі каникул – жеті күн (2021 жылғы 25-31 қазан аралығында)
- Қысқы – 11 күн (2021 жылғы 31 желтоқсан мен 2022 жылғы 10 қаңтар аралығында)
- көктемгі – 11 күн (2022 жылғы 21-31 наурыз аралығында) болмақ.
Сонымен қатар, 1-сыныптар қосымша жеті күн (2022 жылғы 7-13 ақпан аралығында) демалатын болады.
Құжатта аталмыш бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетіні жазылған.
Айта кетсек, өткен жылы күзгі каникул 5-15 қазан аралығында он күнге созылған болатын. Ал көктемгі каникул 21 наурыз -1 сәуір аралығында 12 күнді құраған. Қыста қазақстандық оқушылар 31 желтоқсан - 10 қаңтар аралығында 11 күн демалған еді.
Еске салсақ, бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мұғалімдерге арнаған хатын жария еткенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917524-elimizdegi-oqusylarga-koktemgi-zane-kuzgi-kanikuldy-qysqartu-usynyldy/