Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгісіз аруақтардың жатқан жерін тауып, басына белгі қойып жүрген халық емшісі кім

Опубликовано:

Қорым
Фото: Facebook/Нұрлыбек Жұбатқан

Қазақ дүниетанымында тылсым әлеммен байланысы бар емшілер мен көріпкелдердің айрықша орын алатыны рас. Түсінде аян беріліп, онысы шындыққа жанасып жатқан жағдайлардың сыры ғылымда әлі күнге ашылмай келеді. Ақтөбелік халық емшісі, мұсылман әйелдері қоғамын бірнеше жыл басқарған дінтанушы Қализа Құттыбаеваның адамға аян берілуіне қатысты өз айтары бар. KAZ.NUR.KZ тілшісімен болған сұхбатта емші өз тәжірибесінде болған бірнеше аянды еске түсіріп, оның тарихпен ұштасуына аса мән беретінін жеткізді.

Қализа Құттыбаева емшілік ісімен 35 жыл бойы айналысып келе жатқанын айтады. Жоғары білімді математик, шығыс медицинасының магистрі әрі дінтанушы ғалым көзге көрінбейтін тылсым әлем туралы ашық айту әр адамның қолынан келе бермейтінін алға тартады.

Ақтөбеліктер халық емшісінің талай жыл бұрын дүниеден озып, бірнеше рет белгісіз жатқан аруақтардың жатқан жерін белгілеп бергені жөнінде айтып жүр.

Бір таңқаларлығы, басына белгі қойылмаған марқұмдар түсінде аты-жөні мен туған жылы, қайтыс болған күнін өздері айтып беретін көрінеді. Ол қаншалықты рас? Халық емшісі өзіне аян қалай келетінін әңгімеледі.

"Маған сол жерлерге барған бойда жан-жақтан аян келе салады, тас қойыла салады деген нәрсе жоқ. Қай уақытта мүмкіндік болып, аян қай уақытта келетіні өзіме де белгісіз. Осы жолда жүргеніме 35 жыл болды. Негізгі мамандығым математик, одан соң шығыс медицинасы бойынша магистрлік білім алып шықтым. Оның үстіне қазақ-араб университетінің дінтану факультетін бітірдім. Дін жолында мұсылман әйелдері қоғамын 25 жыл басқардым.

Бірақ тылсым туралы көпке айтудан да, жариялаудан да қорқамын. Ол туралы ашық әңгіме айту әр адамның қолынан келе бермейді.

Алланың жаратуымен көзге көрінетін әлем бар, көрінбейтін әлем бар. Көбіне маған келетін аян ақиқи түстің белгілерімен келеді. Яғни қолмен ұстап, өздері айтып берген сияқты болады", - дейді ол.

Халық емшісі өзіне түскен аянды дәлелдемей, ешкімге айтпайтынын алға тартты. Ол көрген түсін қалай есте сақтайтынын және қалай шынайы өмірмен байланысты дәлелдейтінін айтып берді.

Бейіт
Фото: Facebook/Нұрлыбек Жұбатқан

"Оны (түсті – ред.) жазып аламын да, дәлелдеуге шығамын. Дәлелі жоқ нәрсені шығару да қиын ғой. Тарих пен ұштасса жүрегің тынышталады. Егер тарихпен ұштаспаса, өзіңе де күмәнді болады. Жауапкершілігі оның өте зор. Сосын ғана айтуға болатын болса айтамын. Көрінген тұста айтып, жария қыла берудің өзі қиын нәрсе. Оны дәлелдеу үшін тарихшылармен сөйлесемін, сол жердегі қорымның иелерімен сөйлесемін.

«Менде сондай тебіреніс бар, не себепті мұндай болды, тарихшылардан тарихи ізденістер болды ма?» деп сұраймыз. Бізге берген белгісі мен оны ұқсататын белгісі бар ма жоқ па соны анықтаймыз. Сол кісілер менің түсімді растауы маңызды. Көрінген жерге белгі қоюға рұқсат етілмейді. Әкімшілік тарапынан да жауапкершілігі бар. Қорымды ұстап отырған иелерінің де жауапкершілігі бар. Ол өзімнің ата-бабам емес қой. Дәлелденбеген, табылмай тұрған нәрселерді айтпаймыз", - дейді ол аян жайында.

Қализа емші осыдан он шақты жыл бұрын басынан өткен ерекше оқиғаны баяндады. Айтуынша, Асан қайғының ұлы - Абат батыр кесенесіне ат басын бұрып, дұға еткеннен соң, түс көреді. Түсінде емшіден қорымда жатқан аруақтар басына белгі қоюын сұрайды.

Емші түске мән бермейді. Ертеңінде етігінің жоғалып кеткенін аңғарады. Түнде сол түсі тағы қайталанады. Емші етікті жасырған әруақтар екеніне сенеді. Айтуынша, мұндай құбылыс бұрын бірнеше мәрте басынан өткен.

Айта кетейік, Қализа Көшекбайқызы 1956 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Жоғары білімді физик-математик және дінтанушы. Қасиет тектен дарыған. 1992 жылдан Қазақстан халық емшілері қауымдастығының мүшесі, 1993-2015 жылдары аралығында қауымдастықтың Ақтөбе облыстық филиалының директоры болған. 1996, 2005 жылдары Мекке-Мединаға барып мұсылмандық қажылық парызын өтеген. Кәсіби халық емшісі. Шығыс медицинасы мен халық медицинасы және рухани емшілік магистрі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917705-belgisiz-aruaqtardyn-zatqan-zerin-tauyp-basyna-belgi-qoiyp-zurgen-xalyq-emsisi-kim/

pixel