RU

Ауыл балаларының Гарвард университетінен сабақ алуына мүмкіндік берген отандық ұстаздар туралы не білеміз

Ағылшын тілі
Фото: Алтынбектің жеке мұрағатынан

Ауыл балаларына тіл сындырып, бірден ағылшынша сөйлеп кету оңай емес. Алайда Алматы облысындағы ауылдардың бірінде ағылшын тілін бір жылда шетелдікпен емін-еркін сөйлесе алатын деңгейге жеткізетін екі мұғалім сабақ береді. Ұстаздардың ойын түріндегі оқыту әдісі жергілікті ата-аналарға да ұнап қалған. Екі жігіт жақында тіпті ауыл балаларына Гарвард университетінің ұстаздарынан сабақ алуға мүмкіндік тауып берген деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Америка, Вьетнам, Түркия сынды мемлекеттерде оқып, тәжірибе жинақтаған екі қазақ жігіті осылайша өз білімін ауыл балаларымен бөлісуге бел буған.

Тлеуов Алтынбек пен Медет Мұрат әзірге Іле ауданына қарасты екі ауылдан ағылшынша тез сөйлеуді үйрететін курс ашқан.

Алтынбек Ынтымақ ауылының түлегі. Айтуынша, ауылда туып, өссе де неше түрлі бағдарламамен әлемнің 25 елінде болған.

Ағылшын тілі
Фото: Алтынбектің жеке мұрағатынан

Ал Медет Гүлдала ауылының түлегі, Түркияның Памуккале университетінен грант ұтып алып, сонда оқыған, кейін Түркияда, Вьетнамда мұғалім болып жұмыс істеген.

Медет
Фото: Медеттің жеке мұрағатынан

Жас кәсіпкерлер ағылшын тілі курсын қаладан емес, ауылдан ашуының себебін айтып берді.

"Екеуміз де ауыл мектебінде оқығанбыз. Ауыл балаларының қалаға шығуына мүмкіндік жоқ. Қаражат жағы да қиын, оның үстіне жол алыс. Басында оқу орталығын қаладан ашуды қаладық. Бірақ ауылдан ашатын болып шештік. Өзіміз де білеміз, бұрын ағылшын тілін оқу үшін қалаға барып келуге төрт-бес сағатымыз кететін. Көп балалар қалаға қатынай алмайды. Осылайша ауыл балаларына көмектесейік деп шештік", - дейді Алтынбек.

Жігіттер ағылшын тілін өздері қайдан, қалай үйренгендеріне де тоқталды. Медет шет тілін мектептен жақсы оқығанын айтады. Сосын ол Америкаға жұмыс істеуге барып, тілін жаттықтырған.

"Медет екеуміз Вьетнамда жұмыс істедік, балаларға шет тілін үйреттік. Медет Америкадан үйреніп келсе, мен университет оқып жүріп, Түркияда мұғалім ретінде біраз тәжірибе жинақтадым", - дейді Алтынбек.
Медет
Фото: Медеттің жеке мұрағатынан

Жас ұстаздардың сөзінше, ағылшын тілін әр балаға үйретудің өзіндік жолы бар. Оларға сенсек, ағылшынша сөйлеп кете алмайтын бала кемде кем.

"Негізі әр балаға жеке "подход" керек, бәрі үйрене алады. Біз өзіміздің Вьетнамнан үйренген әдісіміз бойынша сабақ жүргіземіз. Яғни, эмоциямен жұмыс істеу, оларды күлдірту, ойнату арқылы оқытамыз. Нәтиже өте жақсы. Бір жыл бойы қатысқан балалар шетелдіктермен еркін сөйлеседі", - дейді олар.

Дегенмен біраз уақыт бойы ауыл балаларымен жұмыс істеп келе жатқан ұстаздар олардың ұяң келетінін жасырмады. Сондықтан жігіттер балаларға бастапқыда өзін тануға мүмкіндік беретін көрінеді.

"Бірінші біз ағылшын тілін үйретпейміз, өзімен танысу жұмыстарын жүргіземіз. Баланы ойын арқылы ашамыз. Бала ашылған соң, бізбен еркін сөйлей бастайды. Бізге сенім білдіреді. Ойын арқылы тіл үйрету нәтиже береді", - дейді Алтынбек.

Жас мұғалімдер ауыл балаларының тіл курсына мақсатсыз келетінін айтады.

"Тілді не үшін оқитындарын нақты айта алмайды. Мақсаты жоқ. Сосын біз олардың тіл үйренуге құлшынысын ашу үшін үздік мектептерге түсуге мүмкіндік барын айтамыз. Сосын оларда мақсат пайда бола бастайды. Көпшілігінің шетелге біз сияқты барып келгіміз келеді деген арманы бар", - дейді олар.

Алтынбек пен Медет ағылшын тілін оңай әрі нәтижелі үйрете алатынына Вьетнамда жұмыс істеп жүргенде көзі жеткен.

"Сонда бізге ой пайда болды, неге қазақ балалаларына тіл үйретпеске дедік. Балалардың эмоциясымен жұмыс істеу - біздің басты әдісіміз. Оларды күлдіртіп, ойын ойнатып-ақ тіл үйретеміз. Ағылшын тілін меңгеріп алғанын өздері білмей қалады. Әзірге Байсеркеден және Жетігеннен аштық. Болашақта тағы басқа ауылдарды қамтимыз", - дейді болашағына деген зор сеніммен Алтынбек.

Сұхбат соңында Медет пен Алтынбек жақсы жаңалығымен де бөлісті. Олар жақында Гарвард университетінің өздері ашқан курсқа назар аударғанын жеткізді.

"Біздің бағдарламаны көріп, қызығушылық танытып жатыр. Қазір балалармен бірге жоба жасап жатырмыз. Гарвард университеті біздің балалармен екі-үш апта жұмыс істейді. Қазақстанда бізді таңдады, оларға біздің методика ұнаса керек. Бұл бұрын-соңды Қазақстанда болмаған нәрсе", - дейді жігіттер қуанышы қойнына сыймай.
Гарвардқа жолдама
Фото: Алтынбектің жеке мұрағатынан

Алтынбек пен Медеттің шәкірті Жанкелді Нұрлан ұстаздарының еңбекқорлығының арқасында әлемнің үздік үштігіне енген Гарвардтан екі апталық онлайн сабақ алатынына риза. Ауыл баласы өздеріне осындай мүмкіндік берген мүғалімдерге алғыс айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918833-auyl-balalaryna-garvard-universitetinen-sabaq-aluga-mumkindik-tauyp-bergen-qazaqstandyq-ustazdar-turaly-ne-bilemiz/