Семейде жалақысыз қалған автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды
Жарияланған күні:
Семей қаласында жалақысын ала алмай жүрген автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды деп хабарлайды Қазақпарат.
Басылым ұсынған ақпаратқа сәйкес, "Semey Bus" және "Семей Автобус паркі" жауапкершілігі шектеулі серіктістігінің қоғамдық көліктері желіге шықпаған. Бұған еңбек ұжымына жалақының уақытылы төленбеуі себеп болыпты.
Қала әкімдігі бүгінгі таңда "Semey Bus" басшылығының зейнетақы және басқа да аударымдар бойынша борышы жарты миллиард теңгеден асып кеткенін жеткізді. Нәтижесінде оларға МӘМС аясында қызмет көрсетілмей жатыр екен. Ай сайынғы зейнетақы аударымы болмағандықтан, тіпті несиеге де өтініш бере алмайды.
Жыл көлемінде жүргізушілер бір емес, он рет жұмысқа шықпай қойған.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов және шаһар әкімдігінің өкілдері жұмысшылармен кездесіп, келіссөз жүргізді.
"Әрқайсыңыздың қолыңызда еңбек шарты бар. Осы шарттарға сәйкес, сотқа жүгінуге және тиісті шегерімдерді талап етуге құқылысыздар. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Алайда автобустардың қатынауын тоқтату дұрыс шешім емес. Қала тұрғындарының кінәсі неде? Бұл үшін неге халық зардап шегуі тиіс?", - деді Бақытжан Байахметов.
Бұл ретте ол аударымдарды өндіріп алу үшін еңбек ұжымы "Қазақстан Республикасы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңын бұзғаны үшін кәсіпорынды сотқа беру қажеттігін атап өтті.
Осыған сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарының аударылмаған сомасын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алатынын немесе мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептей отырып, жұмыскерлердің пайдасына аударылатынын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919091-semeide-zalaqysyz-qalgan-avtobus-zurgizusileri-zumysqa-syqpai-qoidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.