Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

“Таразға тарту” жобасы аясында шаһар шырайы артып келеді

Опубликовано:

ойын алаңы
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан игі жобалардың бірі – «Таразға тарту». Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Жоба шеңберінде облыс орталығындағы 42 нысанда құны 2 млрд тенгеге абаттандыру және жөндеу жұмыстары жүруде десек, олардың қатарында тұрғын үйлер мен балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары, 21 саябақ пен сквер бар. Айта кетерлігі, бұл жұмыстарға бюджет қаражатынан тыс демеушілер жұмылдырылуда.

Бүгінде 42 нысанның бесеуінде жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Солардың бірі – Тараз қаласындағы Қарасу шағын ауданында бой көтерген «Денсаулық» мәдениет және демалыс саябағы.

ойын алаңы
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Саябақ медицина қызметкерлерінің құрметіне салынып отыр. Жалпы, коронавирустық инфекцияға қарсы күресте жамбылдықтар 20 медицина қызметкерінен айырылған десек, мұнда олар үшін арнайы ескерткіш бой көтерген.

Ескерткіш тұғырындағы «Өзгеге шамшырақ болып, өзім өшем» деген жазу ешкімді де бей-жай қалдырмаса керек. Ескерткішті арнайы Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жерлесіміз, мүсінші Бектур Майрин жасаған болатын. Сондай-ақ, ондағы «Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда» атты стелла да денсаулықтың адам үшін қаншалықты маңызды екенін меңзеп тұрғандай.

ойын алаңы
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Саябақта спортпен белсенді түрде айналысуға және балалардың ойнауына да барлық мүмкіндіктер жасалған. Үстел теннисі, воркаут, футбол, баскетбол және балалар алаңшасы да келушілер үшін әрдайым ашық болмақ.

Бұрын бұл маңдағы жағалаудың бәрі қамыс басып, қараусыз қалған болатын. Міне, бүгін адам танымастай өзгерген. Асыр салып ойнаған балалардың да қуанышында шек жоқ. Жергілікті тұрғындар игі бастамаға дән риза.

ойын алаңы
Фото: Тараз қаласының әкімдігі
«Мынандай қоқыс басқан жерді аз уақыттың ішінде гүлдендіріп, саябаққа айналдырады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Осының барлығы балаларымыздың болашағы үшін жасалып жатқанын түсінеміз. Жас жеткіншектерге салауатты өмір салтын насихаттайтын, атына заты сай «Денсаулық» демалыс орнына айналатынына сенеміз. Біз 1991 жылдан бері осыны күттік. Сіздердің бастамаларыңызбен осындай игі бастама жүзеге асып жатқанына қуанамыз. Жастар сіздерден үлгі алып, мейрімді, қамқор болып өсе берсін. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Денсаулық сақшылары – дәрігерлерге де айтарымыз тек алғыс», - дейді қала тұрғыны Шура Қосшыбаева.

Айта кетейік, саябақтың құрылысына қолдау көрсеткен демеушілер баршылық. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері біркүндік еңбекақысын аударып, игі іске өз үлестерін қосқан. Саябақ аумағы – 5 гектар. Каналдың жағалау аймағында орналасқан. Онда 1000-нан астам көшет, раушан гүлдер отырғызылған. Субұрқақтар мен кішкентай сәулетті мүсіндер де саябаққа өзгеше сән беріп тұр.

ойын алаңы
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Сондай-ақ,келесі нысан – шаһардағы орталық саябақтың іргесіндегі скверді абаттандыру жұмыстары облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен орындалған. Мұнда жол жабындылары төселіп, газондар егілген. Онда халық қалаулыларының көмегімен жарық шамдар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, арық лотоктары орнатылған. Облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков аллея алдағы уақытта да өздерінің бақылауында болатынын жеткізді.

Ал, Абай даңғылы мен Көшеней көшесінің қиылысындағы сквердің де абаттандыру жұмысы да тиянақталып үлгерген. «Таразға тарту» жобасы аясында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы қолға алған нысан осындағы тұрғындардың да көңілінен шығуда. Демалыс орны балаларға да, жастарға да жайлы, ыңғайлы болды әрі қаламыздың көркін ашып тұр. Енді мұнда шағын спорт алаңшасын салу жоспарлануда.

Сол секілді Қ.Тұрысов көшесіндегі «Ақбұлақ» шағын ауданында орналасқан сквер де жаңаша күйге ене түскен. Нысанды Қордай ауданының әкімдігі қолға алды. Көгалы жайқалып, сушашары ауаны сергітіп тұрған, ойын алаңшасы балалардың ойын-күлкісіне толған бұл аумақ жобанын нақты нәтижесінің бір көрінісі десек қателеспейміз.

Бесінші нысан – «Алатау» шағын ауданында С. Сейфуллин көшесін жағалай орын тепкен сквер «Таразға тарту» жобасы аясында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Б. Күлекеевтің бастамасымен абаттандырылуда. Мұндағы екі ойын алаңшасының жабдықтары Ресейден жеткізіліпті. Сондай-ақ, тенисс үстелдері, әткеншектер, орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып, жол жабындары төселіп, гүлзарлар егілген. Мұнда да шағын ауданның тұрғындары демалып, серуендеп жүр. Бүлдіршіндердің алаңсыз ойыны да нысанның ажарын аша түседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919271-tarazga-tartu-zobasy-ayasynda-sahar-syraiy-artyp-keledi/

pixel