RU

Норвегиялық азаматша Ақмоладағы туысқандарын табуға көмек сұрап отыр

Мария Қимашева
Мария Қимашева/Талғат Жұмағұлов. Фото: facebook.com/talgat.zhumagulov

Норвегиялық азаматша Мария Қимашева Ақмола облысындағы туысқандарын іздестіруде. Бұл туралы Қазақстанның Норвегиядағы елшісінің орынбасары Талғат Жұмағұлов Facebook-тегі парақшасында жазды.

Дипломаттың жазуынша, жуырда елшілікке Мария Михайлова (Қимашева) деген норвегиялық азаматша хабарласып, өзінің Қазақстандағы туыстарын табу жөнінде ақыл-кеңес сұраған.

"Біраз әңгімелестік. Марияның рұқсатымен осы әңгіменің мән-жайын осында баяндап отырмын.

Туған атасы Аманжол Қимашев - Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыс аяқталған соң, Псковта Лидия Федоровна деген орыс келіншегіне үйленіп, сол жерде біраз жылдар өмір сүріпті. Кейін әйелімен ажырасқан болар, өзі Алматыға кетеді де, әйелі екі ұлымен Псковта тұрмыстарын жалғастырған. Екі ұлдың бірі Андрей - Марияның әкесі. Ол әкесімен аз-маз байланысып тұрған. Аманжол атамыз Алматыдағы аяқ киім фабрикасында жұмыс істегені мәлім.

Бірақ Марияның туыстарын іздеудің қиындығы – Аманжол соғыс алдындағы көптеген қазақ бозбаласындай жалғыз болып өскен. Бар білгені 1921 жылы (басқа деректер бойынша 1919 жыл) Ақмола облысы Еркіншілік ауданы Благодатное (қазіргі Олжабай батыр) ауылында дүниеге келгені", - дейді Талғат Жұмағұлов.

Мария жуырда Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан атасының жеке ісін сұратып, оның балалар үйіне 1927 жылы түскенін, әкесінің аты Қимаш Тасболатов, анасының аты Орынбасар Тасболатова (Ормбасар, 1927 жылы Благодатноеда қайтыс болған) екенін білген.

Сонымен қатар, Мария атасының балалар үйіне туған әпкесімен бірге түскенін, алайда аты-жөні сақталмағанын анықтаған.

Талғат Жұмағұловтың сөзінше, Марияның өзі 2000-шы жылдары Ослоға оқуға келіп, кейін ақпараттық технологиялар саласында жұмысқа тұрып, Норвегияда қалған. Ал Михайлов тегін тұрмысқа шыққаннан кейін алған.

Алайда ол өзінің туған атасының тегі кім екенің, әпкесінің ұрпақтары, басқа да туысқандары бар болса тапқысы келетінін жеткізген.

"Марияға хабарлайтын пайдалы мәлімет немесе қандай да бір ақыл-кеңестеріңіз болса алғысы шексіз болар еді. Ел болып қолдау көрсетейік", - дейді Талғат Жұмағұлов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919638-norvegiyalyq-azamatsa-aqmoladagy-tuysqandaryn-tabuga-komek-surap-otyr/