Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Картоп пен сәбіз алуға шамасы жетпей отырған көпбалалы отбасы көпшіліктің көмегіне мұқтаж

Опубликовано:

Айжан11
Фото: Azattyq Rýhy

Картоп пен сәбізді грамдап сатып алып отырған елордалық көпбалалы ана Айжан Аманова еліміздегі азық-түліктің бағасының қымбаттап жатқанына алаңдаулы. Өйткені, күнделікті ас мәзірінен етті әлдеқашан алып тастаған отбасыға бағасы аспандап кеткен картоп пен сәбіз сатып алу қиынға соғып отыр. Себебі, бұл үйде табыс табатын тек күйеуі, ал әйелі денсаулығына байланысты жұмыссыз деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2005 жылы еңбек етіп, ақша табу мақсатында елордаға келген отбасының әлі күнге дейін жағдайы оңалмай келеді. Оған бір жағынан денсаулығы, бір жағынан қымбатшылық әсер етіп отырған көрінеді.

Кезінде еден жуып нәпақасын тапқан Айжан Аманова оң жақ бүйрегі ауырып, бүгінде жұмысқа жарамсыз болып қалған.

"Бүйрегіме ота жасаудың алдын алу үшін түтікше (стент) орнатты. Дәрі-дәрмекпен отырмын. Оған қоса, балаларым кішкентай. Сол балаларыма қарап, үйде отырамын", - дейді көпбалалы ана.

Басылымның жазуыша Айжанның "үй" деп отырғаны – шағын бөлме. Сол тар бөлмеде көпбалалы отбасы тамақ та пісіреді, сол жерде тамақтанады және ұйықтайды. Әжетханасы да дәл жанында.  

"Бұл жатақхананың бір бөлмесіне 55 мың теңге төлейміз. Жолдасым құрылыста істейді. Соның тапқан ақшасы мен 4 бала үшін мемлекет беретін жәрдемақыға күн көріп отырмыз. Тұңғышым колледжде оқиды. Оқу ақысы жылына 150 мың теңгені құрайды. Екінші балам 6-сыныпты, үшіншім 1-сыныпты аяқтады. Ал кенжем 3,5 жаста. 7 айлық кезінде менингит болып ауырып, содан кейін денесі құрысып қалатынды шығарды. Ойнап жүріп, құлап қалады да, аузынан су кетеді. 1 жыл ауруханада жатып емделіп, дене құрысуын әрең дегенде тоқтаттық", - дейді ол.

Әйелдің сөзінше, ұлының дене құрысуы тоқтағанымен, әлі невропотолог есебінде тұр. Алайда, қазір отбасы баланы әрі қарай толықтай емдетуді емес, күнделікті тамақтың қамын ойлап жүр.

"Етті мүлдем сатып алмаймыз. Ет алсақ, пәтерақысын төлей алмай қаламыз ғой. Картоп пен сәбіздің қымбаттап кеткені масқара болды. Енді қайтіп күнелтпекпіз? Балаларымның ағзасына дәрумендер ең болмағанда сол көкөніс арқылы баратын еді. Енді ол да жоқ. Картоп пен сәбіз алуға мейірімді жандардан көмек болса деп сұраймын. Басқа мәселемді айтпай-ақ қояйын", - деген Айжан Аманова елорда тұрғындарынан, қайырымды жандардан көмек сұрады.

Көпбалалы отбасына көмек беремін десеңіз:

Kaspi нөмірі: 4400 4301 0893 3851 Aizhan Amanova

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919650-kartop-pen-sabiz-aluga-samasy-zetpei-otyrgan-kopbalaly-otbasy-kopsiliktin-komegine-muqtaz/