Елордада LRT құрылысы қайта жандана бастады ма: Компания жауабы
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желі қолданушылары атышулы LRT жобасының құрылыс алаңында техникалар мен жұмысшылар жүргенін айтып, видео жариялады. Осы орайда LRT құрылыс алаңында мердігерлер кейбір дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі болып отыр деп жазады Sputnik Қазақстан.
City Transportation Systems (CTS) компаниясының мәліметіне сәйкес, мердігер ұйым – қытайлық CRAEG консорциумы құрылыс-монтаж жұмыстарына кіріскен.
"Олар жүргізетін құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесі пандемияға байланысты түзетілген болатын", - деп хабарлады CTS баспасөз қызметі.
Жұмысшылар елімізде карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты тоқтатылған дайындық жұмыстарын аяқтап жатқаны белгілі болып отыр.
"Бұған дейін қызметкерлер карантинге байланысты елге кіре алмады. Енді олар қайтып келіп, келісімшарт бойынша атқаруға тиіс жұмысты аяқтап жатыр", - деп түсіндірді CTS.
Еске салсақ, "Астана LRT" ісі бойынша айыпталушыларға қатысты сот үкімі шыққан еді.
"Астана LRT" ісі бойынша жеті тұлғаға үкім шығарды. Алайда, бұл істегі басты күдіктілер нақтырақ айтсақ, "Астана LRT-ның" бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр.
Сот отырсында Қазақстандағы жеті адам кінәлі деп танылды. Келтірілген залал 5,8 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Одан бөлек, аяқсыз қалған Astana LRT құрылысы қайта жанданатыны жарияланған болатын. Бірақ қашан екенін елорданың әкімі Алтай Көлгінов нақтыламады.
Тұрғындарға онлайн есеп берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жарты жолда тоқтап қалған құрылыстың қайта қолға алынатынын алға тартқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919866-elordada-lrt-qurylysy-qaita-zandana-bastady-ma-kompaniya-zauaby/