Елордалық дәрігерлер нейрохирургия бөлімшесінің жабылуына қарсы шықты
Жарияланған күні:
Елордадағы №1 көпсалалы аурухананың нейрохирургтері жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар мен құрылғылардың кейбірі жоқ деп наразылық танытты. Тіпті, бар құрылғының өзі дұрыс жұмыс істемейтін көрінеді деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Телеарнаның дерегінше, дәрігерлер осыны айтып, бас дәрігерге шағымданса, басшылық қоқан-лоққы көрсетіп, сөз тыңдамаған көрінеді.
Нейрохирургия бөлімшесі тарап кете ме деп қауіптенген ақ халаттылар телеарнаға хабарласқан. Дәрігерлер журналистерді бөлімшеге кіргізіп, жағдайды көрсетуге тырысқан. Бірақ, аурухананың күзетшілері бұған қарсылық көрсеткен.
Аурухана әкімшілігі 22 шілдеде бөлімшені жабамыз деп мәлімдеген көрінеді. Ал дәрігерлердің сөзінше, бұл қаладағы жалғыз нейрохирургия. Айтуынша, мамандар күніне орта есеппен 60-70 адамды қабылдайды.
"Инсульт және травмотология бөлімшесіне қарай біздің нейрохирургтерді бөлмекші. Біз бас дәрігермен кездестік, мотивациялық түрде деп айтып жатты. Бұл қандай мотивация екеніне нақты жауап ала алмадық. Біздің бөлімше керісінше көп жұмыс істеп жатыр. Көп операция жасап жатыр, қаржы жағынан да қаржы түсіп жатыр", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы №1 көпсалалы қалалық аурухана нейрохирургия бөлімшесінің дәрігері Жәнібек Әлжіков.
Бөлім меңгерушісі операцияға қажетті құрал-жабдықтардың тапшылығы барын жеткізді. Сондай-ақ, ауруханаға түскен науқастарды тексеретін құрылғылар жиі істен шығады екен.
"Микроскоппен болатын операция кезінде құрылығының істен шыққан кезі де болды. Оның орнына жаңасы сатып алынған жоқ. Қазір операциялық үстелдер де көп бұзылады. Өйткені, ота залындағы температура тұрақты емес. Нормаға сай келмейді", - дейді №1 көпсалалы қалалық аурухана нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Файзулла Смағұлов.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жауапты мамандарының сөзінше, мұндай практика бұған дейін де болған. Орындар сақталады, науқастарға ешқандай қолайсыздық тумайды дейді. Құрал-жабдықтар мәселесінің де ретімен шешілетінін айтты.
"Наразылықтарды тыңдап шықты. Бірге шешімін іздейтін болып келісті. Қазіргі уақытта мәселе толықтай басқарма басшысының назарында", - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызы.
Оның сөзінше, 30 қызметкердің тағдыры назардан тыс қалмайды, Бөлімшені сақтап қалу үшін барлық мүмкіндік қарастырылмақ
А. Данияр
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920531-elordalyq-darigerler-neiroxirurgiya-bolimsesinin-zabyluyna-qarsy-syqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.