RU

"Тұншығып, өлеміз деп ойладым": Қарағанды облысындағы өрттен інісінің малы қырылған тұрғын жанайқайын айтты

Раиса Әбдібекова
Фото: фото

Қарағанды облысының Ұлытау ауданының бірнеше ауылын дала өрті жалмап, салдарынан шаруа қожалықтарының малы қынадай қырылып қалған еді. Алапат өрттің салдарынан қолындағы бар малынан айырылғандардың бірі - Раиса Әбдібекованың інісі. Жезқазғаннан бауырының қыстағына қонаққа келген ол сол күні не болғанын KAZ.NUR.KZ тілшісіне баяндап берді.

Раиса Әбдібекова еңбек демалысын пайдаланып, екі қызы мен бауыры тұратын "Шиелі құдық" ауылына демалуға келген.

Әйелдің сөзінше, шілденің 2-сі күні далада тұтанған өрт әп-сәтте ауыл шетіне жетіп, сырттағы малды қырып жіберген. Тілсіз жау бар-жоғы 5-10 минуттың ішінде айналаның бәрін жайпап өткен.

"Өртті көріп, жеті баланы алып, үйге кірдік. Алдымен Алла, екіншіден үй тастан салынғандықтан, аман қалдық. Сол күні не көргенімізді есіме алсам, әлі жылай беремін. Балалар өрттен шошығаны соншалық, айғайлап, жылап жіберді. Мен бәріміз түтінге тұншығып, өлеміз деп ойладым. Есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегім аузыма тығылады",-деп сол күнді еске алады жезқазғандық әйел.
Фото
Фото: Раиса Әбдібекова

Раиса інісі Сағынтай "Әбдібеков" шаруа қожалығын басқарып отырғанын жеткізді. Айтуынша, інісі үйдің жалғыз асыраушысы әрі бес баласы бар.

Тілсіз жаудан оның барлық малы мен қорасы жанып кеткен. Сол сияқты киім-кешектері мен тұтынатын тамақтары сақталған вагон да жанып кеткен.

"Қанша қойдың қырылғанын білмейміз. Ағамның сөзінше шамамен 300 бастай жанып кетті, сол сияқты 10 бастай бұзау өртеніп кетті. Жалын келгенде олар сол тұрған бойы тірідей жанып кеткен. Өлген малға қараудың өзі қиын екен", - дейді Раиса Әбдібекова.
Фото
Фото: Раиса Әбдібекова

Сонымен бірге, әйел төтенше жағдай орын алғанын біле тұра, оның алдын алып, хабар бермеген жергілікті билік өкілдеріне назын айтты.

"Осындай жағдай болған соң, інім бірден құзырлы органдарға хабарласты. Әрине, дала өртіне ешкім кінәлі емес, бірақ осындай қиын-қыстау заманда бізге қолдау көрсетеді деген сенімдеміз. Барлық шығынды өтеп бермесе де, қол ұшын созатын әрбір жанға риза боламыз. Құдайға шүкір, өзіміз аман қалдық, бірақ інім қазір бар малынан айырылды, балалары бар, осының бәрі жанымызға батып отыр", - дейді жезқазғандық әйел.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысының бірнеше ауылында табиғи өртке байланысты төтенше жағдай жарияланған еді.

Алапат өрттің салдарынан жергілікті тұрғындар малынан айырылып, далада УАЗ көлігінің айдаған 23 жастағы ер адамның денесі табылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921277-tunsygyp-olemiz-dep-oiladym-qaragandy-oblysynda-maly-ortte-qyrylgan-auyl-turgyny-sol-kuni-ne-bolganyn-aitty-foto-video/