RU

Мұқтаж жандар құрбандықтың етіне қалай өтініш бере алады

Құрбан айт
Көрнекі сурет: pixabay.com

Еліміздегі әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж жандар құрбандыққа шалынған мал етін алуға онлайн өтініш бере алады деп хабарлайды "Хабар 24".

Онлайн өтініш qurban2021.kz сайты арқылы қабылданады. Құрбандықтың етін алуға өтініштер 20 шілде күні Айт намазынан кейін қабылдана бастайды.

Биыл Құрбан айт шілде айының 20-22-сі күндеріне келіп отыр. Еліміздің заңнамасы бойынша Құрбан айттың бірінші күні – демалыс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл құрбандық шалу рәсімі қалай атқарылатынын түсіндіріп берген еді.

"Карантин жағдайында қалада тұрып жатқан азаматтар үшін қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім. Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді", - дейді мүфтият мамандары.

Діни басқарма құрбан шалу рәсімін екі жолмен жүзеге асыруды ұсынды. Яғни, рұқсат берген жерде офлайн өткізуге болады. Немесе жоғарыда аталған сайт арқылы тапсырыс беріп, онлайн құрбан шалады.

Құрбандық шалған отбасы еттің бір бөлігін өзіне қалдырып, екінші бөлігін ағайын-туыс, көршілерге, ал ұшінші бөлігін мұқтаж жандарға үлестіргені абзал.

Шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өз отбасына да қалдыра алады.

Айта кетейік, құрбан шалу рәсімі былтыр да онлайн өткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921467-muqtaz-zandar-qurbandyqtyn-etine-qalai-otinis-bere-alady/