Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Толассыз жауыннан әбігерге түскен ақтөбеліктер төтенше жағдай жариялауды талап етті

Опубликовано:

Ақтөбе
Кадр: Instagram / zello_aktobe.04

Ақтөбеде екі күннен бері тоқтамай жауған жаңбыр тұрғындарды әбігерге салды. Көшені су шайып, ағаштар құлап қалған. Көпқабатты тұрғын үйлердің шатырынан су кетіп, қаланың кей аудандары жарықсыз отыр. Тұрғындар жағдай ушыға бастағасын облыстық орталықта төтенше жағдай жариялауды талап етуде деп хабарлайды КТК арнасы.

Екі күннен бері тоқтамаған жауыннан Ақтөбедегі орталық аурухананың шатыры тесіліп су кетіп жатыр. Сегіз жыл бұрын салынған ғимараттың ішінде аяқ алып жүру мүмкін емес. Су жинау үшін әр жерге қойылған шелек те тез толып қалуда.

"НұрАқтөбе" ықшамауданындағы жаңа салынған үйлер де жауын-шашыннан аянышты күйге түскен. Мемлекеттік бағдарлама аясында жақында ғана берілген баспаналардың бояуы кеппей жатып сыр беруде. Төбесінен су ағып, қабырғасы жарыла бастаған.

Тұрғындар пәтер иелерінің кооперативі мен шенеуніктерге бірнеше рет хабарласқанын айтады. Бірақ олардан еш қайыр болмай тұр деп күйінді ақтөбеліктер. Нөсер жауыннан көше көлге айналып, жаяу адам түгілі, көліктер де кібіртіктеп қалған.

Ал ауа райын болжаушылар жауын апта соңына дейін тоқтамайды деп отыр.

"Қаладағы көшелерден су сорғызылып жатыр. Бұл жұмыстарға 65-70-тен астам су соратын техника, екі жылжымалы сусорғыш жұмылдырылды, орталық көшелерде. Қаладағы бес сусорғыш станция іске қосылды. Сонымен қатар 10 мотопомпа жұмыс жасап жатыр. Жұмыс күндіз-түні жүріп жатыр", - дейді Ақтөбе қаласы әкімі аппараты төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Дәулетов.

Дереккөз: КТК

Еске салсақ, бұған дейін синоптиктер 9-10 шілдеге арналған ауа райы болжамын назарға ұсынғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921566-aqtobede-tolassyz-zauynnan-abigerge-tusken-turgyndar-totense-zagdai-zariyalaudy-talap-etti/

pixel