RU

"Көрімдік сұрауды қою керек": Перзентханада ешкімнің көмегінсіз өзі босанған әйел жанайқайын жеткізді

Гүлвира Ибраева
Фото: Гүлвира Ибраеваның жеке мұрағатынан

Перзентханада ешкімнің көмегінсіз босанып, жерге түсіп қалған нәрестесін дәліздегі санитар алып бергенін баяндаған елордалық келіншек өзіне медициналық мекемеден түрлі қарсы пікір жазылып, шабуыл жасалғанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Нұр-сұлтан тұрғыны Гүлвира Ибраева өз басынан өткен оқиға жария болысымен өзіне қаршы шабуылдар көбейгенін алға тартты. Ол о баста біреуді қаралап немесе біреуді жамандағысы келмегенін жеткізді.

"Бұл менің бастан кешкен оқиғам. Бірақ менің жекеме келген қаншама хаттар, перзентханаларда шынымен жағдай шектен шыққанын дәлелдеді. Мен бір хайп қуалап, асыра сілтейтін жағдайда емеспін. Бір қолымда бала емізіп, екінші қолыммен тамақ дайындап отырған қарапайым көпбалалы анамын. Менің қалауым: үй беріңдер, ақша беріңдер деп жатқаным жоқ, балаларымды қарап беріңдер деп жатқаным жоқ. Тек әр поликлиникаға, роддомға, больницаларға арналған медициналық тегін қызмет көрсету протоколы бар емес пе, сол бойынша қарапайым халыққа тиесілі тегін қызмет көрсетілсе деймін", - дейді Гүлвира Ибраева. ⠀ Көпбалалы ана перзентханаларда хаттамаға сай барлық қызмет тегін әрі толық көрсетілсе дейді. Гүлвира Ибраева перзентхана жұмысына ретке келтіруде өз тарапынан бірнеше ұсыныс жасады.

"Біріншіден, медқызметкерлердің жүйкесі жұқарған болса, орнына басқа адамдар алынсын (мені қабылдаған акушер, неге мені бопсалады? “Енді шақырсаң мүлде келмеймін саған, өзің ту, өзің істе бәрін ал” деп неге айтты маған? Бәлкім жүйкесі жұқарған болар…

Екіншіден, қабылдау бөлімшесінде отырған медқызметкерлер робот емес. Егер үлгермей жатса, көмек шақырсын. Яғни, үйдегі 2/1 жұмыс істейтін медперсоналдарға қосымша жұмыс үшін төлемақы тағайындап қойса, кез келгені қосымша жұмыс істеуге келіседі деп ойлаймын", - дейді көпбалалы ана.

Гүлвира Ибраева дәрігерлерге қағаз толтыру жұмысын артқанды қою керек деп есептейді.

"Қазір дәрігерлер адамның денсаулығын қарағаннан гөрі көбірек қағаздармен алысып әлек, немесе алдындағы компьютерге қадалып отырады да қояды. Өйткені жоғарыдағылар сол қағазды талап етеді олардан. Одан да адам денсаулығымен көбірек айналыссын", - дейді әйел.

Астана тұрғыны сондай-ақ перзентханаларда ашық түрде көрімдік сұраудың белең алып кеткенін жайып салды.

"Көрімдік сұрау, карта нөмірін жариялау, рахмет айту деген дәстүрді қою керек", - деген жанайқайын жеткізді алты баланың анасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921967-korimdik-suraudy-qoyu-kerek-perzentxanada-eskimnin-komeginsiz-ozi-bosanyp-algan-aiel-zanaiqaiyn-zetkizdi/