RU

Жезқазғанда 19 жастағы бойжеткен жұмбақ жағдайда із-түзсіз жоғалып кетті

Татьяна Файникова
Татьяна Файникова. Фото: отбасылық архивтен алынды

Жезқазғанда полиция жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен 19 жасар бойжеткенге іздеу салды. Жоғалған қыздың жақындары оның 28 маусым күні үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын айтады, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

28 маусым күні үйінен белгісіз бағытқа қарай шығып кеткен Татьяна Файникова осы уақытқа дейін байланысқа шықпаған. Техникумда білім алып жатқан бойжеткен 26 маусымда мемлекеттік емтихан тапсырып, үйінде болған. Ал екі күннен соң күндіз үйден шығып кеткен екен.

"Біз үшеуіміз тұрамыз. Таня, мен және 5 жастағы кіші ұлым. Онымен арада ешқандай кикілжің немесе түсініспеушілік жоқ. Ұлым балабақшада болды. Мен жұмыста едім. Үйге келсек, ол жоқ екен. Оның қайда, кіммен жүргенінен осы уақытқа дейін хабардар бола алмай отырмыз. полицияға жүгіндім", - дейді қыздың анасы Светлана Файникова.

Әйелдің айтуынша, қызы өте сымбатты. Бойы 170 cм, салмағы 50 килограмм. Шашының түсі қоңыр, көздері қою қоңыр түсті. Денесінде ешқандай татуировканың немесе жарақаттың іздері жоқ.

Татьяна Файникова
Татьяна Файникова. Сурет: отбасылық архивтен алынды
"Таня, мен сені қатты жақсы көремін. Сен және інің - өмірімнің мәнісіңдер. Не жағдай болса да, сенің басың аман болса болды. Сені үйде күтіп отырмыз.Танюны көрген-білгендер болса, 8777 198 45 25 нөміріне хабар беріңіздер", - дейді әйел.

Қыздың жоғалғаны туралы ақпаратты полция қызметкерлері мен еріктілер таратуда. Әлеуметтік желі қолданушылары Татьянаға ұқсайтын бойжеткенді Нұр-Сұлтан қаласына барар жолда көргендерін жазған.

"Аталған дерек бойынша 29 маусым күні қылмысьық іс тіркелген. Қазіргі таңда іздестіру шаралары қолға алынған. Қыздың әлеуметтік желілердегі парақшалары бақылауда. Іздеу шараларына еріктілер де қосылды", - делінген өңірдің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922020-zezqazganda-19-zastagy-boizetken-zumbaq-zagdaida-iz-tuzsiz-zogalyp-ketti/