Коронавирус: Жамбыл облысы да "қызыл аймаққа" өтті
Жарияланған күні:
Коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша Жамбыл облысы "сары" аймақтан "қызыл" аймаққа өтті. Бұл туралы елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Telegram-каналында хабарлады.
20 шілдедегі жағдай бойынша, үш мегаполис пен 12 облыс "қызыл" аймақта тұр.
Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.
"Сары" аймақта Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары, ал "жасыл" аймақта ешбір өңір жоқ.
Еске сала кетсек, өткен тәулікте 4889 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды. Олардың 116-ы Жамбыл облысынан.
Одан бөлек, еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Хабар24 арнасына берген сұхбатында ДСМ елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болжамын жаңартқанын мәлім еткен еді.
Оған сәйкес, оптимистік сценарий бойынша, тамызда (індеттің шарықтау шегі) бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 6600-ға жетуі мүмкін.
Реалистік сценарий бойынша, бұл сан 9 мыңға дейін өсуі ықтимал.
Пессимистік сценарий бойынша, індет шарықтау шегіне жетсе, күн сайын коронавирус жұқтырған 11 мың адам тіркелеуі мүмкін.
Айта кетейік, коронавирустың жаңа толқыны ең қауіпті болып отырғанын президент те атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы күндері жүздеген адам қайтыс болған. Әр өңірде ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейген. Жансақтау бөлімдерінің барлығы іске қосылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923132-koronavirus-zambyl-oblysy-da-qyzyl-aimaqqa-otti/