Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аптап ыстыққа қарамастан 221 шақырымды велосипедпен жүріп өткен атыраулық келіншек жайлы не білеміз

Опубликовано:

Құралай11
Құралай Сатымбайқызы сол жақта. Фото: Замана басылымы

Таяуда Атырау облысы, Құлсары қаласының тұрғыны Құралай Сатымбайқызы Ізбасарова Құлсары мен Бейнеудің арасындағы тас жолды яғни 221 шақырым жерді велосипедпен жүріп өткен. Ол күннің аптап ыстығын қарамастан мұндай тәукелге баруының себебін және сапар кезіндегі қызықтарды Замана басылымына берген сұқбатында айтып берді.

Құралайдың айтуынша, бұл сапарын екі жыл бұрын жоспарлаған. Алайда, осы ойын жақындарына айтқанда олар аса құптай қоймаған.

"Себебі жол тым ұзақ. Екі арада елсіз жер көп. Әйел адамға мұндай тәуекелге бару шынында да қолайсыз. Бірақ мен жүріп көргім келді. Сөйтіп ойша дайындықты бастап жібердім", - дейді ол.

Құралайдың сөзінше, негізі адамның мүмкіндігі шексіз, кедергі тек мида ғана. Осы сапары арқылы осыны өзіне дәлелдегісі келген.

"Себебі мен салауатты өмір салты клубын ашып, келушілерге дұрыс тамақтану жөнінде кеңес беремін. Онда көбіне адамның қолынан келмейтіні жоқ, мүмкіндігі өте көп деп жиі айтамын. Соны өзім істей алар ма екенмін деген сұрақты өзіме қойып, күннің ыстығына қарамастан 25 маусым күні сағат 11.00-де жолға шығып кеттім.

Ертерек, таңғы салқынмен шықпаған екенмін. Трассаға шықсам күн деген күйіп тұр. Бірақ мен кері қайтып кетпей, алға қарай жүре бердім. Жолға деп бес литр су мен өзім жұмыс істейтін компания өнімдерінен екі литр тамақ әзірлеп алғанмын. Суым да, тамағым да межелі орынға барғанша жетті.

Алғашында жолды қысқарту үшін төте жолмен барам деп ойлап, трассадан шығып кеткенмін. Оным дұрыс болмағанын топырақты жолға түсіп кеткенде бір-ақ білдім. "Бір жол бар алыс, алыс болса да жақын, бір жол бар жақын, жақын болса да алыс" деген сөздің мәнісін сонда анық ұққандай болдым. Сосын трассаға қайта шығып, қанша қиналсам да жол қысқарту үшін төте жол іздемеймін деген ойды санама мықтап бекітіп алып, сапарымды жалғадым", - дейді атыраулық келіншек.

Құралай бұл сапардан көп ой түйгенін де жасырмады.

"Ең бірінші, өзіммен-өзім жеке қалуға, ойлануға мүмкіндік алдым. Бірақ қатты ойға беріліп келе жатқанда көліктердің тура қасыма келіп, қатты сигнал беріп, селк еткізгені ұнамады. Ондайда бүкіл әдемі ойларым шашырап, жан-жаққа шашылып қалғандай күй кештім.

Жолдағы көрген әр жағдайдан өзіме сабақ алып, ой түйдім. Мысал айтар болсам, үлкен трассада фура жүк көлігі келе жатқан. Соны жеңіл көлік "обгон" жасап өтемін деп, велосипедте келе жатқан мені жанай өткенде, екпіні қатты тиді. Өзім де көлік жүргіземін ғой, қанша асығыс болсам да бұдан кейін "обгон" жасамаспын деп түйіп қойдым.

Жолда жол-патрульдік полицияларын көп кездестірдім. Асфальттің үстінде жүрген мал да көп. Соны көріп жол полициялары жайбарақат кетіп бара жатыр. Тоқтап, көлігін бір шетке қоя салып, сол малды айдап жіберсе, жол-көлік оқиғаларының алдын алар ма еді деп тағы ойландым. Жол полициясы деген тек көлік жүргізушілері жол ережесін бұзғанда тоқтатып, айыппұл салумен немесе апат болған жерге барумен ғана шектелмеуі керек қой. Егер алда-жалда ұлдарымның бірі осы мамандықты иемденуге ниет білдіріп жатса, осы ойымды айтармын деп қойдым.

Тағы бір түйген ойым, көлікте кетіп бара жатқанда жаяу немесе мен секілді жалғыз-жарым велосипедпен бара жатқан адам көрсек мән бермей өтіп кете береміз. Өзім күн ыстықта жүріп көргеннен кейін ендігіде көлігіме артық су алып жүрген дұрыс екен деп ойладым. Сөйтіп осылай өзім секілді жүрген адамдар болса, тоқтап, жағдайын сұрап, су беріп кетуге болады екен.

Біреудің жағдайын сұрай салғаннан ештеңеміз де кетпейді. Есесіне сіз жағдайын сұрап тұрған адамның көңілі көтеріліп, қуанып қалады. Мысалға, өзімнің Майкөмгенге дейін "ГАЗель" айдаған жігіт саусағын Бейнеуге қарай сермеп: "Алып кетейін бе?" – деп ымдағанда қуанып қалғаным рас. Танымайтын адамның көңіл бөлгенінің өзіне риза болып қалдым.  

Ал Қаркөлге жақындай бергенде "УАЗ" автокөлігінің жүргізушісі машинасының жылдамдығын азайтып: "Қайдан келесіз?" – деп сұрады. Құлсарыдан келе жатқанымды айтқанда, ол: "Қайда бара жатырсыз?" – деді көзі бақырайып. "Бейнеуге", – дегенімде: "Есіңіз дұрыс емес шығар! Мына ыстықта…" – деді де, жылдамдығын қосып, өтіп кетті.

Осы жігіттің айтқанын жақындарымнан естімейін, жолымды кестірмейін деп ешкімге айтпай жолға шыққанмын. Қасыма серік те ертпедім. Бұрын әлі жоспарымда бар екенін айтып жүргенде бірге еріп шығамыз деген қыздар болған. Бірақ мен мойныма біреудің жауапкершілігін жүктегім келмей, жалғыз шығып кеттім", - дейді велосипедпен жүрген сапары туралы әңгімесін аяқтаған Құралай Ізбасарова.

Айта кетейік, Құралай Ізбасардың жасы 43-те, үш баланың анасы, отағасының аяулы жары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923170-aptap-ystyqqa-qaramastan-221-saqyrym-zoldy-velosipedpen-zurip-otken-atyraulyq-kelinsek-zaily-ne-bilemiz/

pixel