Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қай жаста талпынса да кеш емес: "Болашақ түлектері" мультибрендті дүкен ашып, кәсіптерін қалай дөңгелетіп отыр

Опубликовано:

Фото
Фото: Мейірман Келесовтың жеке мұрағаты

Халықаралық "Болашақ" бағдарламасының стипендианттары, ерлі-зайыпты Мейірман Келесов пен Асыл Естекбаева - тәуелсіздік құрдастары. М.В Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін "Болашақпен" бітіріп келген жастар, KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, не себепті білім жолын қуғандықтарын айтты.

Мейірман Келесов 1991 жылы киелі қасиетті Тараз қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген ол, 2018 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы президенті жанындағы Халық шаруашылық және мемлекеттік қызмет академиясына магистратурасына түскен.

"ҚазҰУ-ді бітірген соң, мемлекеттік қызметке жұмысқа орналастым. Жұбайым екеуміз "Болашақ" бағдарламасымен оқып келсек екен деп, бала кезімізден армандайтынбыз. Сөйтіп 2019 жылы М.В Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне, "Болашақ" бағдарламасымен магистратураға жұбайым Естекбаева Асыл екеуіміз оқуға түстік.

Асыл 1991 жылы, Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Алматы қаласындағы КИМЭП универстетін бітірген. Артынша Ernst & Young аудиторлық компаниясында жұмыс істеп, 2018-2019 жылдары аралығында бұрынғы "Бәйтерек" холдингінің еншілес компаниясында жұмыс істеді. Қазір Асыл екеуіміз "Болашақты" бітіріп, елге аман-есен оралдық.

Ендігі мақсатымыз қасықтай жинап терген білімімізді еліміздің дамуына жұмсау. Біз адам алдына мақсат қойса, міндетті түрде оған жететіне көз жеткіздік", - дейді ерлі-зайыптылар.

"Болашақ" түлектері алдағы уақытта шетел аспай, елде қызмет етуді мақсат етіп отыр.

"Маған да, жұбайым Асылға да шетелдік компаниялардан ұсыныс келіп түсті. Мемлекетіміз бізге үлкен мүмкіндік берді, сондықтан үмітті ақтап, еліміздің өркендеуіне ат салысуымыз қажет деп есептейміз.

Біздер тәуелсіздіктің ұрпақтарымыз. Ата-бабаларымыз тәуелсіздігімізді, кең-байтақ жерімізді мұра ретінде қалдырған. Сондықтан қазіргі таңда арман қуып, шетелге кетіп, ол жақтан оралмай жатқан жастарды түсінбеймін.

"Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деп" қазақ бекер айтпаған. Шетелде алған білімімізді, тәжірибені өз елімізде қолдануымыз керек деп ойлаймын", - дейді Мейірман Келесов.

Бүгінде "Болашақтықтар" кәсіп ашуды жөн санапты. Десе де, жас отбасы мемлекеттік қызметке қайтып оралып қалулары мүмкін екенін атап өтті.

"Әзірге кәсіпкерлікке толықтай бет бұрған жоқпыз. Алдымызда не тұрғанын әлі білмеймін. Әйелім декреттік демалыста отырып, 2016 жылдан бастап өз кәсібін бастаған еді. Ең басында бұл іспен тек хобби ретінде айналысқан.

Сапалы және сәнді киімді киген әрине барлығына ұнайды. Уақыт өте келе тума-туыстар, жолдастарымыз, қызметтестеріміз АҚШ-тан тапсырыс бере бастады. "Болашақ" бағдарламасы арқылы алған білімімізді тәжірибеде қолданып, жолдасым бизнеске көп көңіл бөле бастады. Қазіргі таңда жұбайымның 5 жылдық тәжірибесі мультибрендті дүкенге жеткізді.

Жұбайыма көмек беріп мүмкін өзім де бизнес саласына кетіп, отандық өндіруші болып, экономикамыздың дамуына үлес қосатын мақсат бар. Қазіргі таңда бірнеше жобаны жүзеге асырып бастауға бел буып отырмыз", - дейді ол.

Сұхбат соңында тәуелсіздік құрдастары жастарға өз ақыл-кеңестерін айта кетті.

"Ең бастысы талпыныс. Біз жұбайымыз екеуміз бір бірімізге қолқанат болып, барлық емтихандарға бірге дайындалып, жемісін көрдік. Әлем бойынша “Болашақ” бағдарламасы ең мықты оқу орындарына түсуге үлкен мүмкіндік береді. Қазақ халқы: Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп деп бекер айтпаған ғой. Оқуға қай жаста талпынсаңда кеш болмайды", - деп сөзін түйіндеді "Болашақ" түлектері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923382-qai-zasta-talpynsa-da-kes-emes-bolasaq-tulekteri-multibrendti-duken-asyp-kasipterin-qalai-dongeletip-otyr/

pixel