Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Төрегелді Шарманов: Өмір мен өлімнің арасында жатқандардан пара сұрайтын хәлге жеттік

Опубликовано:

Төрегелді Шарманов
Фото: Facebook/Төрегелді Шарманов

Қазақ тағамтану академиясының президенті академик Төрегелді Шарманов қазіргі қоғамда жемқорлықтың кең етек жайғанына қынжылысын білдірді. Ғалым кеңестік кезең мен қазіргі кездегі парақорлықтың деңгейін салыстырды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Төрегелді Шарманов кезінде лауазымды қызметте жүрген тұста қандай да бір тараптан гүл немесе шампан сыйға тартылса оны "орынсыз жағыну" деп қабылдамағанын алға тартады.

"Қазір сол гүлдің де, шампанның да көк тиындық құны болмай қалды. Қазіргі жемқорлықтың құлқыны өте кең. Қоғамда "түйені түгімен жұтатындар" көбейіп кетті. Негізінде, бұл жаман қасиет қазаққа тән емес еді. Мен өз басым біраз кезеңді басымнан өткердім. Кеңестік кезеңде біреудің бір артық нәрсесін көрсе ол талқыға салынатын, тексерілетін, жауапқа тартылатын. Ол кезде пара беру де, алу да ұрлыққа саналатын. Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік", - дейді ғалым.

Төрегелді Шармановтың ойынша, жемқорлықтан жапа шегетін қарапайым халық. Академик жемқорлықтың өркен жаюына болмашы нәрсені шешуге заңды, тілді жетік білмейтіндер жол беретінін де айтты.

"Сайып келгенде, бәрінің тонайтыны – қара халық. Сол қара халықтың парақорға жем болып жатқанын көргенде "қандай заманға тап болдық" деп баз кешетінім де рас. "Орамалын" жасап мәселені шешуге дағдылану – аса қауіпті дерт. Егер біз болашақта ұлт болып ұйысқымыз келсе алдымен осы індеттен арылуды ойластырғанымыз жөн. Жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек.

Бірден пара беруге ұмтылғанша мәселені басқаша шешудің жолдарын қарастырғанымыз абзал. Тіпті кейде заңды білмегендіктен, тілді жетік меңгермегендіктен оп-оңай болмашы нәрселерді шешуге "рахметін" айтып сый ұсынатындар да бар. Мұның барлығы күні ертең қазақтың даму үлгісіне кері әсер ететін жайттар. Сондықтан өркениетті елдердің қатарынан көрінгіміз келсе қоғам парақорлардан тазаруымыз керек", - деп түйіндеді ғалым өз ойын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923410-omir-men-olimnin-arasynda-zatqandardan-para-suraityn-xalge-zettik-akademik-zemqorlyqqa-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel