Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тым болмаса бала туып алмаппын": Ағаларынан қорқып, тұрмыс құрмаған ару жан сырын ақтарды

Опубликовано:

Бойжеткен
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысының тұрғыны ағаларынан қорқып, тұрмыс құрмаған сыныптасы жайлы баяндады. Ер адам бойжеткенге өзі де ғашық болғанын алайда, қызметтегі ағалары қарындасына ешкімді жақындатпағанын айтады деп жазады ernur.kz.

Ер адамның сөзінше, Нәзия есімді сыныптасы бала күнінен сұлу, сабақта озат болған.

"Үздік оқушы болатын. Сыныптағы жігіттердің бәрі ғашық еді. Бірақ оның үш ағасы болғандықтан, сөз айтуға қорқатын. Батылдық жасап хат жазған мен ғана. Талай рет хатымды жыртып тастады. Әйтеуір бір күні одан жауап келді. Біз екі жылдай хат жазысып жүрдік.

Мектептегі Алтын күзде белінен ұстап вальс билегенім болмаса, оны ағалары би кешіне, сыныптастардың туған күніне де жібермейтін.

Әлі есімде он бірінші сыныпта оқып жүргенімде түнделетіп үй жағына бардым. Бұл біздің алғашқы оңаша кездесуіміз болатын. Бірақ ағасы көріп қойды да мені аямай ұрды. Содан соң Нәзияға жоламадым. Мектеп бітірдік те мен Алматыға оқуға кеттім. Ал Нәзия Шымкентке оқуға түсті...

Қыз бойжетсе де ағалары оны қатаң бақылауда ұстады. Әкесі қайтыс болған соң ағалары ауылдағы үйін сатып, қаладан Нәзия мен анасына екі бөлмелі пәтер сатып әперді. Бұл кезде Нәзия диплом алып, үлкен ағасының қолында жұмыс істеп жатқан", - деп әңгімесін бастады ол.

Ер азаматтың айтуынша, оның үш ағасы да үлкен қызметте болыпты. Алайда үшеуі де білімді, көзі ашық жандар болғанымен, қарындасының тағдырына алаңдамаған көрінеді.

"Қарындасқа қамқор, қорған болған дұрыс, бірақ бағын байламауды да ойлаған жөн. "Жақсы жігіт жолықса тұрмысқа шық" деп рұқсат беру керек немесе жөні түзу жігітті өздері тауып беруі қажет.
Қыз 20-дан асқан соң оны аңдып, ешқайда шығармау – отырып қалуға себеп болады. Тағы бір қателігі, ағаларының бірі шешесін қолына алып, Нәзияны жалғыз қалдыру керек еді. Ол сонда жалғыздықтың дәмін сезіп, тұрмысқа шығуға қамданар ма еді деп ойлаймын", - дейді ер адам.

Оның сөзінше, Нәзияны сыныптастары соңғы рет отыз жылдық кездесуде көрген.

"Нәзия сол күйі тұрмысқа шықпапты. Сылтауы – ауру анасы. Бірақ үш жыл бұрын анасы қайтыс бопты. "Анама қарадым. Анам қайтқан соң ғана жалғыздықты сездім. Оған дейін тіпті тұрмысқа шығуды ойламадым, оның үстіне ешкім үйленуге ұсыныс та жасай қоймады", деп күрсінді ол", - дейді ер адам.

Бұл оқиғаны баяндаған тұрғын сөз соңында қыздардың бағын бұлай байлауға болмайтынын, анаға ұл балалардың қарайласуы керек екенін жеткізген.

"Ешкіммен араласпаса, қыдырмаса, қайда барса да анасымен бірге жүрсе, ол қалай жігітпен танысады? Нәзия мейлі, ағалары, анасы, жеңгелері неге ойламады екен? "Тым болмаса бір бала туып алу да ойға келмепті.

Енді кеш" деп мұңайған Нәзияны аядым. Қарт ата-ана ұлдың қолында тұруы керек, солар қарағаны дұрыс. Ал анасымен бірге тұратын қыздың тұрмысқа шығуы қиын..", - деп сөзін түйіндеді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923612-tym-bolmasa-bala-tuyp-almappyn-agalarynan-qorqyp-turmys-qurmagan-aru-zan-syryn-aqtardy/

pixel