RU

"Мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беремін": Шымкенттік алаяқ ұсталды

Пәтер
Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкент қаласында "мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беремін" деп жергілікті тұрғынды алдап соққан алаяқ ұсталды деп хабарлайды Отырар арнасы.

Шымкент қалалық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 21-шілдесінде Әл-фараби ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған.

Ол белгісіз тұлға сеніміне кіру арқылы, мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беремін деп алдап, 600.000 теңге қаражатын иемденіп кеткенінін жеткізіпті.

Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті азаматты анықтап, қолға түсірді. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері азаматтарға абай болуға және бейтаныс азаматтарға ақша бермеуге кеңес берді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкентте "қызыл диплом" алып беремін деген алаяқ ұсталғанын жазған едік.

30 маусым күні әл-Фараби ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол белгісіз тұлға "қызыл диплом" алып беремін деп, 50000 теңге ақшасын алып, осы күнге дейін өз уәдесін орындамай жүргенін жеткізген.

Одан бөлек, Шымкентте 80 мың теңгеге әскери билет алып беремін деп тұрғынды алдаған алаяқ ұсталған болатын.

Арызданушының айтуынша, белгісіз адам "әскери билет" алып беремін деп, алаяқтық жолмен сеніміне кіріп, 80 мың теңге ақшасын өзінің есепшотына аударып алып, уәдесін орындамай, алған қаржысын кері қайтармай жүрген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923626-memlekettik-bagdarlama-arqyly-pater-alyp-beremin-symkenttik-alayaq-ustaldy/