Қысқа мерзімді курстарды бітірген "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар қандай нәтижелерге қол жеткізді
Жарияланған күні:
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қазақстандықтарға қысқа мерзімді кәсіптік курстарды тегін оқуға мүмкіндік беріледі. 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта бұл мүмкіндікті 12 мың адам пайдаланды, олар қысқа мерзімде жаңа мамандықты ғана игеріп қоймай, өмірлеріне көптеген жаңашылықтар алып келді. Олардың оқиғалары NUR.KZ-тің материалында.
Бір тәжірибе қалай үлкен әлеуметтік жобаға айналды
Күляра Маненова – алматылық әлеуметтік кәсіпкер. Оның қызметтің осындай жаңа бағытына бет бұрғанына көп уақыт бола қойған жоқ - "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қысқа мерзімді курстары шеңберінде "шаштараз-сәнгер" мамандығы бойынша оқуды аяқтағаннан кейін ол әлеуметтік сұлулық салонын ашамын деп шешті. Мұнда бүгінгі күні көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелеріне, мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлерге және өзге де адамдарға тегін қызмет көрсетіледі.
"Әлеуметтік сұлулық салонын ашпас бұрын, "Әлеуметтік навигатор" қоғамдық қорында халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға тегін заңгерлік көмек көрсетіп келдім. Олардың көбісі жұмыстың жоқтығына, мемлекет тарапынан жеткілікті түрде көмек көрсетілмейтініне, мемлекеттік қолдаудың кейбір құралдары жұмыс істемейтініне жиі шағымданатын. Мен проблеманы әрдайым ішінен шешуге тырысамын, сондықтан бұл сөздердің рас-өтірігін тексеруге бел будым. Нәтижесінде "жұмыссыз" статусынан "кәсіпкер" статусына дейінгі барлық жолды жүріп өттім. Осылайша, ниет болса барлығы мүмкін екеніне көзімді жеткіздім", - дейді Күляра Маненова.
Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, алматылық ару шаштараз-сәнгер курстарына жазылады. Бұл салаға ол көп уақыттан бері қызығушылық танытқан, оның үстіне көпбалалы аналармен жұмыс істеген соң Куляра Маненова олардың және қаржылық мүмкіндіктерінің жоқтығына байланысты сұлулық салондарының қызметтерін пайдалана алмайтын басқа да әйелдердің әдемі және өздеріне сенімді болуына көмектескісі келеді. Тәжірибе уақытында ол курстастарымен бірге әлеуметтік нысандарға барып, шаштараз қызметтерін көрсетті.
"Кәсіби курстарда 3 ай оқығаннан кейін курсты бітіргенім туралы сертификат алып, жаңа мамандық иесі атандым. Содан соң әлеуметтік жобамды – әлеуметтік сұлулық салонын аштым, онда қазіргі уақытта 6 шебер жұмыс істейді. Оның төртеуі (көпбалалы аналар) мен ашқан оқу орталығындағы курстарда тегін оқыды. Айтпақшы, мен мемлекеттік бағдарламалар ("Еңбек" және БЖК 2025) шеңберінде 583 400 теңге және 5 миллион теңге мөлшерінде өтеусіз гранттар алдым", - дейді әлеуметтік кәсіпкер.
Бір дана кісі: "Адамды бір рет тойдырғың келсе - оған балық бер, егер өмір бойы тойдырғың келсе - оған балық аулауды үйрет" - деген екен. Бұл қағидатты Куляра Маненовада ұстанады, оның салонында мұқтаж адамдар тегін қызметтер алып қана қоймай, одан әрі жұмыс табу және өмір сүру сапасын жақсарту үшін шаштараз шеберлігі дағдыларын меңгере алады.
"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысу мен үшін өзіндік бір ерекше тәжірибе болды, мен өз мысалыммен өзім жетекшілік еткен аз қамтылғандар санатындағы адамдарға барлығы жұмыс істейтінін және өсу үшін жағдайлар бар екенін дәлелдеп бердім. Шын ниетіңізбен қалап, әрекет етсеңіз болғаны. Менің бастамам адамдарға пайда әкелетін үлкен әрі маңызды жобаға айналғанына өте қуаныштымын", - деп сөзін аяқтады "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы.
2021 жылғы бірінші жартыжылдықта Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы 603 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберді. Жыл ішінде барлығы 1000 жұмыссыз алматылықты оқумен қамту жоспарланып отыр. 21 шілдедегі жағдай бойынша 397 адам келісімшартқа қол қою үстінде.
Қысқа мерзімді курстар 41 мамандық бойынша өтуде, олардың арасында тігінші, ағаш шебері, веб-дизайнер, массаж жасаушы, наубайшы және басқа мамандықтар сұранысқа ие. Жұмыспен қамту орталығы, оқу орталығы, жұмыс беруші мен курс тыңдаушысы арасында төртжақты келісімшарт жасалады. Курстарды бітіргеннен кейін тыңдаушыларға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.
Қысқа мерзімді курстар еңбек нарығында өзіңді табуға қалай көмектеседі
Лисаковск қаласының тұрғыны Алена Казанцева да "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысқаны туралы өз оқиғасымен бөлісті. Биыл - наурыз айының басынан мамыр айының соңына дейін - 21 жастағы бойжеткен "1С" бухгалтер мамандығы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік курстардан өткен. Ол 3 жыл бұрын жергілікті техникалық колледжді бухгалтер-ревизор мамандығы бойынша бітірген.
"Кәсібім білімді үнемі жаңартып отыруды қажет ететіндіктен, қосымша білім алу мүмкіндігін жіберіп алмайын деп шештім. Оның үстіне, курстарға ақы төлеудің қажеті жоқ әрі мемлекет 22 мың теңгеге жуық мөлшерде стипендия төлейді. Бухгалтерия саласына жыл сайын жаңашылдықтар енгізіледі, қағидалар өзгереді. Жаңа білім ешуақытта артық болмайды. Мені шынымен де көп нәрсеге үйретті - салық есептерін қалай дұрыс жасау керек, 1С-те қалай дұрыс жұмыс істеу керек және т.б. Маған өте қызық болды", - дейді Алена Казанцева.
Оның айтуынша, бұрын бухгалтериямен ешқашан айланыспаған адамдар да онымен бірге "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстарда оқыған. Алайда оқу жаңа білім бәріне түсінікті әрі қолжетімді болатындай етіп құрастырылған.
"Біз еңбек нарығында өз орнымызды таба алатындай жақсы білім алдық. Қазір мен кафеде бас бухгалтер болып жұмыс істеймін, жұмысқа деген қызығушылығым арта түсуде, көп нәрселерді түсіне бастадым және өзіме деген сенімділігім артты. Менің ойымша, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту өзін табуды қалайтын, өзін жаңа бағытта сынағысы келетін, дамығысы келетін адамдар үшін жақсы мүмкіндік. 3 ай айтарлықтай ұзақ мерзім емес", - дейді Алена.
Бойжеткен жаңа мамандығын "Ақ жол-2016" оқу орталығында алған, оқу орталығы жұмысшы біліктіліктерді қайта даярлаумен айналысады. Мұнда "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде аспаздар, шаштараз-сәнгерлер мен бухгалтерлер даярланады. Жыл басынан бері орталық мемлекеттік бағдарламаның 21 қатысушысын оқытып үлгерді.
"Біз сапаға жұмыс істейміз, міндетіміз - қысқа мерзімде сұранысқа ие мамандар даярлау. Оқу бағдарламалары адам 3 айдың ішінде кәсіпті басынан бастап игеретіндей етіп жасалады. Бүгінгі күні нарық жаңа талаптар қояды, сондықтан біз оқушыларымыздың бірден жұмысқа тұруына барымызды салуымыз керек. Біздің оқу орталығында жұмысқа орналасу көрсеткіші 81%-ды құрайды", - дейді орталық директоры Нина Бегайдарова.
Қостанай облысында 2021 жылдың 6 айында 500 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберілгенін атап өтеміз. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы іске асырылғаннан бері өңірде бұл бағытпен 8,5 мың тұрғын қамтылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924634-qysqa-merzimdi-kurstardy-bitirgen-enbek-memlekettik-bagdarlamasyna-qatysusylar-qandai-natizelerge-qol-zetkizdi/