Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәрі тиын тұрады": Шетелдегі қазақстандықтар елден не үшін көшіп кеткендерін айтты (видео)

Опубликовано:

Жанерке Бегалы
Видеодан кадр: Instagram/aibat__kz

2021 жылдың алғашқы жартысында 10 мыңға жуық адам елімізден көшіп кеткен. Қазақстаннан біржола шетелге қоныс аударған азаматтар осы қадамға баруының себебін түсіндірді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі

Aibat_kz Instagram паблигі елімізден көшіп кеткен бірнеше азаматтан шетелге кету туралы ойға қалай келгенін сұрап білді.

Солардың бірі Милана Литвинова Канадада бес жылдан бері тұрып жатыр. Ол өзіне көшетін елді таңдағанда сол жақтың экономикасына қарағанын айтады.

"Менің Қазақстанда тапқан табысым мен Канададағы айлығымның арасы жер мен көктей. Бірдей жұмыс, бірақ жалақы деңгейі әртүрлі. Менің жоспарларым көп, мақсатым биік, сондықтан Қазақстанда оған жету маған қиын", - дейді бойжеткен.

Ал Ангелина Ларинаның Чехияға көшіп кеткеніне алты жыл болған.

"Мұнда жұмыссыздық деңгейі өте төмен, Қазақстанмен салыстырсақ. Бұл жақта егер сен даяшы болып жұмыс істесең, сені кемсітпейді. Жалақысы аз деп ойламайды. Өйткені расында да жақсы даяшы болсаң, айлығың да жоғары. Мен Еуропада өзімді қауіпсіз сезінемін. Қазақстанда ондай сезім болмаған. Оның немен байланысты екенін білмеймін. Менталитет әсер етеді деп ойлаймын. Еуропалықтар ашық халық, оларды өздері туралы басқалардың не ойлайтыны қызықтырмайды. Өз басым осы сезімді бастан өткерудемін", - дейді Ангелина.

Польшада тұрып жатқан тағы бір отандасымыз Азат Шаймердинов ол жақта алатын жалақыға пәтер ақысы, тамақ пен киімнен бөлек, саяхаттауға да болатынын жеткізді.

"Польшада айлықты жинап, басқа елдерге саяхаттауға болады. Бұл жақта шетелге саяхат Алматыдан Қарағандыға барып-келумен бірдей. Еуропада көбіне жеміс-жидек арзан, халық ет өнімдерін аз тұтынады. Қазақстанның етін сағындым. Нағыз қазақ ретінде маған еттің көп болғаны ұнайды", - дейді шетелдегі қазақ азаматы.

Елімізден Оңтүстік Кореяға кеткендер саны көп. Солардың бірі Жанерке Бегалы.

"Оңтүстік Кореяда ең төменгі айлық 1800 доллар, ал жоғары айлық 10 мың доллардан асуы мүмкін", - дейді ол.

Ал Израильде тұрып жатқан Григорий Мельников сол елдің басты артықшылықтарын атап өтті.

"Дәрігерге оңай көрінуге болады, анализ тапсыру да жеңіл, қалаған уақытыңда жазылып, бара аласың. Еш жерде кезек күтпейсің, дәрігерге көріну үшін үлкен жеңілдіктер болып тұрады. Дәрігер дәрі жазып береді, сол картамен дәріханаға барсаң, дәріні тиынға сатып алуға болады.

Ал Қазақстанда кеңес заманынан қалған стереотиптер көп. Сен үнемі біреуге бірнәрсе міндетті болып тұрасың. Бірақ менің Қазақстанға өкпем жоқ, мен ол жақты қимай кеттім", - дейді қазақстандық азамат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924717-dari-tiyn-turady-seteldegi-qazaqstandyqtar-elden-ne-usin-kosip-ketkenderin-aitty-video/

pixel