RU

"Қабырғалары көрініп әрең жүр": Ақтаулық жастар қуаңшылықтан малы қырылғандарға көмектесуде

Ерікті
Кадр: КТК арнасы

Ақтаулық жастар қуаңшылықтан малы қырылып жатқан шаруаларды жем-шөппен қамтуда деп хабарлайды КТК арнасы.

Өңірдегі еріктілер тобы бүгінде Жармыш ауылының жұртына көмектесуде. Еріктілер ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласып, шаруалардың аты-жөнін алып, тізім бойынша көмек көрсетуді қолға алған.

Нәтижесінде белсенділер екі сағатта қаржы жинап, Жармыш ауылындағы бір шаруаның үйіне 300 түк шөп пен 35 қапшық жем сатып алып берген. Кейбіріне тіпті су таситын көлікпен су апарып беріп жатыр.

Қайырымды іс жалғасын табатын болады. Еріктілер алдағы уақытта өзге ауылдың шаруаларына да жем-шөп апарамыз деп жоспарлап отыр.

"Жармыш ауылына жағдайды білуге барғанда көз алдымда екі қозы өліп қалды. Жем-шөп жемеген жылқылардың қабырғалары көрініп әрең жүр. Қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Жуырда Ақшымырау ауылына барып, ондағы шаруаларға да қажетін апарамыз", - дейді ерікті Руслан Өмірзақов.

Дереккөз: КТК арнасы

Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылында жергілікті малшылардың жанайқайын билікке жеткізу үшін ауданның 40-тан астам тұрғыны жиналған болатын. Малы су тапшылығынан қырылып жатқан тұрғындар мәселенің шешімін тауып беруді сұрап отыр.

Сол арада сарапшы елімізде тағы 3 миллионнан астам мал қырылатынын болжаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926368-qabyrgalary-korinip-aren-zur-aqtaulyq-zastar-quansylyqtan-maly-qyrylgandarga-komektesude/