Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкем мен туған әпкелерім жындыханаға жапты": Туыстарынан қысым көрген алматылық бойжеткен өзінің жанайқайын айтты

Опубликовано:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: Sputnik

Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған "Жан Сая" дағдарыс орталығын 31 жастағы Гүлмираш Әбдіхалық паналауда. Ағылшын тілін жетік меңгеріп, өзінің жеке кәсібін дөңгелеткен ол өзінің туған әпкелері мен ағасынан, сондай-ақ, әкесінен қысым көріп, осы жерге уақытша тұрақтаған. Көпбалалы отбасында дүниеге келген Гүлмираш бала күнінен бері жанұядан жылу көрмегенін, әпкелері мен әке-шешесінен және жалғыз ағасынан жанашырлық таппағанын айтады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Гүлмираш өз басындағы оқиғаны баяндап, қазіргі қоғам тура әрі шыншыл адамды қабылдай алмайтынын жеткізді.

Гүлмираш Әбдіхалық Алматы қаласындағы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол жанұядағы алты баланың бесіншісі. Болмысынан мінезі томаға-тұйық және өзіндік пікірі бар Гүлмирашты отбасындағы әпкелері үнемі кемсітумен және әке-шешесін оған қарсы айдап салумен келген.

"Мен бала күнімнен жақындарымнан жылу көрген жоқпын. Көпбалалы отбасы болған соң ба, бесінші болып дүниеге келген маған ешкім емірене қоймайтын. Сол себепті, кішкентайымнан өзіме ата-анамның көңіл бөлгенін, маған мақтау сөздер айтқанын қалап тұратынмын. Оның үстіне, бала кезімнен жиі ауырамын. Қазірдің өзінде созылмалы ауруларым көп. Ал кішкентайымда менің шынымен де ауырғым келетін. Өйткені, ауырсам ғана әке-шешемнің назарын аударатын едім. Қалған кездері менің бар-жоғымды ешкім елемейтін.

Сол себепті, мен сабақты жақсы оқуға, мұғалімдерден жақсы сөз естуге тырыстым. Шынымды айтсам, бала күнімнен білімге, оқуға құштар болдым. Ал әпкелерім өсек айтып, сәл артық кетсем қызғанып, әйтеуір, мені ата-анама жеккөрінішті қылатын. Өсе келе бұл одан әрі ұлғайып, қазір мен ауыр халге түстім. Ет жақындарыммен, өз отбасыммен түсінісе алмай жүргенде 12 жыл сырғыпты. Осы уақыт аралығында менің басымнан неше түрлі жағдайлар өтті", - дейді ол.

Гүлмираш мінезінің расында өзгелерден бөлек екенін жасырмайды. Ол көп жағдайды өзінше қорытады, өзіндік пікірі бар, өсек-сөзге көп араласпайды. Тек өзін шын түсіне алатын адамдарға ғана ашылып әңгіме айтуға бар. Психологияда Гүлмираштың кейпіндегі жандарды интроверттер деп атайды. Бірақ оның бұл мінезін туған-туыстары көтере алмаған. Тіпті, оны 18 жасында әкесі мен ағасы жындыханаға жабады. Қуанышқа қарай, дәрігерлер оның ақыл-есі дұрыстығын анықтап, аталған мекемеден босатып жіберген.

"Бала күнімде жай ғана ыдысты жумағаным үшін мені бәрі жер қылатын. Яғни, мен бір шаруаны істемейтін болсам, әпкелерім мені анама жамандап, ең соңында сөз еститінмін. Осылай жалғаса берді. Ата-анам балаларының арасындағы жағдайды шешуге, мені түсінуге тырыспады. Әпкелерім, сіңлім және ағам бір жақ, мен өзім бір әлем едім.

2007 жылы оқу бітіріп, өз бетіммен жұмыс істедім. Ақшамның барлығын анам алып отырды. Кейін өзім тағы да ақша жинап, жоғары оқу орнына түстім. Әкем бірінші курстағы оқу қаражатының жартысын төлеуге көмектесті. Оны жасырмаймын. Екінші курстан бастап толығымен грантқа өттім. Мені танитын достарым мен қатарластарым біліміме, ойлау қабілетімнің жоғары екеніне таң қалатын. Бірақ осыны туыстарым түсінбеді. Қызғаныш та болды.

Әлі есімде, 2008 жылы 18 жасымда үйде кезекті рет ұрыс-керіс болып, әкем желкемнен бір ұрды. Ағам шапалақпен салып қалды. Мен өз ойымды айтып, оларға қарсы шыққаным үшін алған жауабым осы. Содан соң олар дереу мені Каблуков көшесіндегі психдиспансерге жауып тастады. Менің ақыл-есім дұрыс, бар болғаны олардан өзгеше, мүмкін, артық ойлайтыным үшін мені жек көреді. Иә, менің мінез-құлқым жалпы қазақ қызына сай келмейді, расында мен бәрінен өзгеше ойлаймын. Бірақ сол үшін туған қызын жындыханаға жабуға бола ма?", - дейді ол.

Кейін Гүлмирашты психдиспансерден анасы шығарып алған. Тіпті, ақыл-есі ауысқан адамдар тізіміне енгізбеу үшін ақша төлепті. Бүгінде Гүлмираштың анасы бақилық болған. Ол 2017 жылы мидағы қатерлі ісік салдарынан көз жұмады. Ал әпкелері болса, анасының өліміне тағы да Гүлмирашты кінәлайды.

Жалғасы бар...

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926767-akem-men-tugan-apkelerim-zyndyxanaga-zapty-tuystarynan-qysym-korgen-almatylyq-boizetken-ozinin-zanaiqaiyn-aitty/

pixel