Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оқу жылына дайын емес: Талдықорған оқушылары әкімдік пен мәдениет үйінде оқиды

Опубликовано:

Оқушы
Көрнекі фото: pexels.com

Алматы облысында жөндеу жұмыстары бітпеген мектептердің оқушылары әкімдік пен мәдениет үйінде оқиды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облысында дәл қазір 19 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 9-ы биылғы оқу жылына үлгермейді.

Биылғы жаңа оқу жылында ашылмайтын мектептердің бірі – Талдықорған қаласындағы Островский атындағы мектеп. Бұл білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстар маусым айында ғана басталған. Мектептің төрт қабырғасы түгелдей қырылып, қызыл кірпіш күйінде тұр. Едендерін де түгел алып тастаған.

Білім басқармасының айтуынша, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Сондықтан, аталған мектепте оқып жүрген 1149 бала күзде қаланың әр жеріне сабылып, білім алуға мәжбүр. Кейбірі тіпті колледж ғимаратында оқитын болады.

"Бізде Талдықорған гуманитарлық колледж бар. Яғни, мектепалды даярлық топтары және бірінші сынып оқушылары сол гуманитарлық-техникалық колледжде білім алады. Сол жерден кабинеттер бөліп отыр. 9 мектепте күрделі жөндеу кеш басталуы және оған қаржының кеш бөлінуі жағдайды қиындатты. Сондықтан оқушыларға қолайлы жағдай жасалып, мектеп біткенге дейін қай ғимаратта оқыса сол жерге жиһаздар қойылып, оқу процессі үздіксіз өтеді деп жоспарлап отырмыз", – деді Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова.

Сондай-ақ Ақсу ауданының Сағабүйен ауылындағы Тоқтаров атындағы мектепке де күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында бұл мектептің 172 оқушысы ауылдық әкімдіктің ғимаратында білім алатын болады.

Ал, Панфилов ауданының Сарыбел ауылындағы Кобикова атындағы мектептің 286 оқушысы осы ауылдың мәдениет үйінде барып білім алады.

Сондай-ақ, Райымбек ауданының Тұзкөл ауылындағы Мұсақұлов атындағы мектептің 87 оқушысы осы ауылдың әкімшілік ғимаратында білім алады.

Ал Талғар қаласындағы №3 мектептің 1945 оқушысы Қонаев атындағы колледжге және Евразиялық университетке барып оқиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926910-oqu-zylyna-daiyn-emes-taldyqorgan-oqusylary-akimdik-pen-madeniet-uiinde-oqidy/

pixel