RU

Смартфон не интернеті жоқ қазақстандықтар Ashyq-қа қосылған нысандарға қалай кіреді

Ашық
Көрнекі фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Елімізде Ashyq жобасына қосылған нысандар қатары артуда. Бүгінде сауда орталықтары, әуежай, фитнес орталықтар, бассейн немесе басқа да орындарға кіруі үшін QR-кодты сканерлеу керек. Кейбір азаматтарда смартфон немесе интернет болмауы мүмкін. Тіпті егде жастағы адамдарда өзіне керекті орындарға кіре алмайтынын айтып шағымданады. Алайда Ashyq жобасына қосылған нысанға смартфонсыз да, қосымшасыз да кіруге болады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қандай да бір ғимаратқа кіруі үшін өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді алып жүрсеңіз немесе ЖСН білсеңіз жеткілікті.

"Егер келушінің смартфоны не интернеті жоқ болса, онда әкімшілік "күзетші режимін" пайдалана алады. Ол үшін келуші өзінің ЖСН-ін айтуы керек. Осылайша, азаматтың мәртебесі тексеріледі. "Күзетші режимін" тек ғимарат әкімшілігі ғана орната алады", - деді "Атамекен" ҰКП.

Қазақстандықтар жеке куәлігімен Ashyq нысандарына, соның ішінде дүкендер мен дәріханаларға кіре алады.

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ПТР тестілеудің нәтижесі оң болған адамдар мен олармен байланысты болғандар қоғамдық орындарға бармауы үшін кәсіпкерлік нысандар Ashyq жобасына қосылып жатқанын айтты.

"Бүгінде Алматыда ПТР тестінің нәтижесі оң болған 1640 тұрғын оқшаулау режимін бұзып, Ashyq кәсіпкерлік нысандарына барған. Оның 343-не 30 АЕК айыппұл салынған. Соңғы күндері Ashyq жобасына азық-түлік дүкендері мен дәріханалар қосылуда", - дейді ведомство.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратынша, соңғы екі аптада коронавируспен ауырғандардың 22 пайызы егде жастағы адамдар. Олардың қатарында 60-70 жастағы адамдар бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926916-smartfon-ne-interneti-zoq-qazaqstandyqtar-ashyq-qa-qosylgan-nysandarga-qalai-kiredi/