RU

Америка ұшағына мінген 640 ауғанстандық азаматтың фотосы желіде тарады

Ауғандар
Фото: twitter.com/MarcusReports

АҚШ ВВС жексенбі күні кешке Кабулден 640 ауған азаматын эвакуациялаған. Әуе кемесінде түсірілген фото желіде жарияланды.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің ресми дерегі мен Defense One фотосына сәйкес, АҚШ ВВС C-17 Globemaster III ұшағы 640 шақты ауған азаматын Кабулден жексенбі күні эвакуациялаған.

Фотоны Пентагон баспасөз қауымдастығының вице -президенті Маркус Вайсгербер Тwitter парақшасында жариялады.

Бастапқыда C-17 ұшағына осыншама адамды алу жоспарда болмапты. Алайда эвакуациялауға рұқсат берілген ауғандықтар ұшаққа жанталаса кірген.

Defense One порталына Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, команда босқындарды ұшақтан кетуге мәжбүрлеудің орнына, азаматтармен бірге ұшып кету туралы шешім қабылдаған.

"Ұшақ діттеген жеріне жеткен кезде шамамен 640 ауғандық бейбіт тұрғын түсті", - дейді Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Бұған дейін желіде экипаждің аудиожазбасы пайда болған соң ғаламтор беттерінде 800 адам тасымалданғаны туралы ақпарат тарады.

Қорғаныс министрлігінің өкілі шын мәнісінде ұшақта 640 адам болғанын айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ауғанстаннан кетуге тырысқан адамдар шассиге жармасып, көкке көтерілген ұшақтан құлап түскенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927516-amerika-usagyna-mingen-640-auganstandyq-azamattyn-fotosy-zelide-tarady/