"Пәтерді тартып алмақшы": Шетел азаматымен бас қосқан алматылық ару опық жеп қалды
Жарияланған күні:
Алматылық Баян есімді бойжеткен шетел азаматына тұрмысқа шығып, пәтерінен айырылып қала жаздады. Бұрынғы күйеуі бастапқыда пәтерге таласпаймын деп уәде бергенімен, кейін бұл сөзінен айнып, баспананың жарты ақшасын қайтаруды талап еткен. Бұл туралы "Экспресс К" басылымы жазады.
Басылымның мәліметінше, алматылық бойжеткен шетел азаматына өз қалауымен тұрмысқа шыққан.
Ол бастапқыда бұрынғы жолдасымен тату-тәтті өмір сүріп, оған ұл да сыйлаған. Алайда ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірі ұзаққа бармаған. Ер азамат өзіне көңілдес тауып, отбасынан кетіп тынған.
Баянның сөзінше, отағасы үйден кеткен соң, ол пәтер сатып алған. Десе де бұл уақытта ол бұрынғы жарымен ажыраспаған көрінеді.
Әйел адам пәтерді ажыраспай тұрып рәсімдесе, оның таза өз атында қалмайтынын білмедім дейді. Нәтижесінде пәтерге бұрынғы күйеуі де құқылы болып отыр.
Алматылық әйел заңдағы мұндай ережелерді білмегенін айтады.
Бір қызығы, шетел азаматы бала үш жасқа толмайынша, Баян алименттен бас тартатын болса, пәтерге таласпайтынын айтып, ол туралы келісімге де қол қойған. Алайда жақында бұл сөзінен айнып, пәтердің жарты ақшасын қайтаруды талап еткен.
Баянның адвокаты Жанна Шапатованың айтуынша, ер адам келісімнің заңды күші жоқ екенін, ол тіпті оны көрмегенін жеткізген.
Қазіргі таңда Алматы қаласының Бостандық ауданы соты келісімді жарамсыз деп танып, шетел азаматына пәтердің жарты сомасын беру туралы шешім шығарған. Сот Баянға бұрынғы күйеуіне 7 жарым млн теңге қайтаруды талап еткен.
Десе де Баян мұнымен тоқтамайтынын айтады. Бүгінгі күні аталған іс қалалық соттың қарауына түскен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927916-paterdi-tartyp-almaqsy-setel-azamatymen-bas-qosqan-almatylyq-aru-opyq-zep-qaldy/