RU

Білім министрі қазақ тілінде сабақ беретін мектептерге сұраныс артқанын айтты

Асхат Аймағамбетов1
Асхат Аймағамбетов. Фото: primeminister.kz

Қазақстанда мемлекеттік тілден өзге тілде сабақ беретін мектептерге сұраныс жыл сайын азайып жатыр. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазақ тілінен басқа тілде сабақ беретін мектептерге сұраныс жылдан жылға азайып келе жатыр. Басқа тілде білім беретін мектептерде қазақ тілінде оқитын сыныптардың саны әлдеқайда көбейді. Бұл азаматтарымыздың өз шешімі", – деді министр Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.

Сондай-ақ білім және ғылым министрі мемлекеттік тілдің дамуына қатысты пікір білдірді.

"Қазір мектеп, колледж, жоғары оқу орындарын алып қарасақ та алға жылжу бар. Мысалы қазір қазақ тілі, қазақ әдебиеті, оның әдістемесін жетілдіру бойынша үлкен жұмыс істеп жатырмыз. Жоғары оқу орындары, колледж, мектеп пен балабақшаларда қазақ тілінің рөлі өте үлкен, жылдан жылға қазақ тілінде оқитын балалардың саны артуда", – деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр мемлекеттік және жекеменшік мектептер арасында білім беруде айырмашылық көп емес екенін айтты.

"Жекеменшік мектептер мемлекеттік стандарт бойынша білім береді. Көп жағдайда тамақтану, ішкі ережеде айырмашылық бар. Мысалы мемлекеттік мектепте жарты күндік сабақтан кейін оқушы үйіне қайтатын болса, жекеменшік мектепте таң атқаннан кеш батқанға дейін сол жерде болуы мүмкін. Яғни мектеп ішінде таэквондо, бассейн секілді үйірмелерге барады.

Дәл сондай деңгейдегі мемлекеттік мектептер де бар. Жекеменшік не мемлекеттік мектеп деп бөлген дұрыс емес деп ойлаймын. Сапасы жоғары мектеп жеткілікті, оларды қолдау керек", – деп түйіндеді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928827-bilim-ministri-qazaq-tilinde-sabaq-beretin-mektepterge-suranys-artqanyn-aitty/