Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шұбырып кеттік": Жарылыстан соң түнде тоқтатылған пойыз жолаушысы сапарының қалай өткенін баяндады

Жарияланған күні:

Жолаушылар
Фото: Facebook/Oraz Alimbekov

Алматыдан Шымкентке шыққан пойыз жолаушылары Жамбыл облысындағы Ақшолақ темір жол бекетінде түсірілген. Журналист Ораз Әлімбеков Facebook-те "жолаушылардың кейбірі жан-жаққа шұбырып кетіп жатқанын" жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналист кеше түнде Алматыдан Шымкентке бет алған пойыздың Жамбыл облысында болған жарылыстан соң Шу станциясына жақын жерде тоқтағанын хабарлаған.

Ораз Әлімбековтің сөзінше, бүгін таңертең жолаушыларды автобуспен апат аймағынан алып өтіп, одан соң тағы пойызға отырғызу керек болған. Алайда журналистің айтуынша, пойыздан түскен адамдардың автобусты күте-күте әбден мазасы кеткен.

"Пойыздан түсіріп тастаған жолаушылар беті ауған жаққа шұбырып кетіп барады. Автобустың қарасы көрінбейді...", - деді журналист.

Ораз Әлімбековтің айтуынша, бұл сапар әсіресе балаларға ауыр тиген.

"Халық босып кетті ғой. Бала-шаға жапан далада шұрқырап жылап жатыр", - деп жазды ол желідегі парақшасында.

Бір сағат бұрын журналист Алматы - Шымкент бағытындағы пойыз жолаушыларды апат аймағынан автобуспен алып өткенін хабарлады.

"Қазір Таразда, пойызда отырмыз. Шымқалаға дейін кемі үш сағат жүреміз. Таңғы жетіде Шымда боламыз деп жоспарлап едік. Жоспар бұзылды", - деді ол соңғы жазбасында.

Айта кетейік, Жамбыл облысындағы әскери бөлім маңында болған жойқын жарылыстан соң теміржол және тас жолдағы көлік қозғалысына шектеу енгізілді.

"Қазақстан теміржолы" ресми сайты Жамбыл облысындағы жарылысқа байланысты төмендегі жолаушылар пойызы уақытынан кешігетінін мәлімдеді:

- №41 Алматы-2 - Атырау

- №11 Алматы-2 - Шымкент

- №78 Маңғыстау – Алматы-2

- №24 Ақтөбе - Алматы-1;

- №002 Шымкент - Алматы-2;

- №72 Түркістан - Алматы-2;

- №86 Сарыағаш – Нұр-Сұлтан-1

-№22 Қызылорда - Семей.

Сондай-ақ, облыстық маңызы бар "Тараз-Сарыкемер" тас жолындағы барлық бағыттағы көлік қозғалысы тоқтатылған.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.

Төтенше жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

Президент оқиға орнына шұғыл түрде Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі сондай-ақ, Ішкі істер вице-министрі аттанғанын және аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

Әскери бөлімде жалпы саны оннан астам жарылыс болғаны анықталды.

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев әскери бөлімдегі жарылыстан 88 адам зардап шеккенін айтты.

Апаттан кейін Нұрлан Ермекбаев өз еркімен қызметінен кетуге дайын екенін жеткізді. Министрдің сөзінше, ол бұл шешімді жарылыс туралы хабарлама алған сәтте қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929188-subyryp-kettik-zarylystan-son-tunde-toqtatylgan-poiyz-zolausysy-saparynyn-qalai-otkenin-bayandady/