Байзақтағы ауылдықтар үйлеріне оралуда
Жарияланған күні:
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қорғаныс министрімен бірге Байзақ ауданындағы оқиға орнына барып, жағдаймен танысты.
Өрт салдарын жоюға қатысты бірлескен іс-қимылдар үйлестірілген. Барлық жұмыстар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының инженерлік әскерлері оқ-дәрілер қоймасының аумағын тазартуға кірісті. Әскери саперлер теміржол учаскесі мен жақын маңдағы елді мекендерге инженерлік барлау және тазалау жұмыстарын жүргізген.
Бұдан соң әскери нысанда болған төтенше жағдайға байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Басқосу барысында залал шығындарын есептеу және өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау, медициналық көмек шараларын көрсету бойынша мәселелер қаралды.
Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі анықталуда, ол үшін үкіметтік сараптамалық топ жұмыс жасауда. Бірінші кезекте тұрғын үйлер, кәсіпкерлік және инфрақұрылымдық нысандар қалпына келтірілмек. Оқиғаның себебі жедел-тергеу тобымен анықталады.
Эвакуцияланған ауыл тұрғындарының барлығы қазіргі таңда үйлеріне оралуда.
Аймақ басшысы тұрғындар үшін алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.
"Біздің қазіргі басты мақсатымыз – оқиға салдарын жою және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", - деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі зардаптарын жою, қалпына келтіру жұмыстары бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, бұл орайда барлық құрылымдардың үйлесімді әрекетінің маңыздылығын баса айтты.
Бұдан соң облыс әкімі мен Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілердің отбасыларына барып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Марқұмдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқанын айрықша атап өтіп, олардың отбасыларына мемлекет тарапынан тиісті барлық көмектің көрсетілетінін баса айтты.
Еске салсақ, биылғы жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болған еді.
Төтенше жағдайдан 17 адам қаза тауып, 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев хабар-ошарсыз кетті. Одан бөлек, жүздеген адам зардап шеккен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
"Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады", - деп жазды Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Twitter парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929214-baizaqtagy-auyldyqtar-uilerine-oraluda/